352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-дан сақ дәуіріне тиесілі 17 жастағы бекзаданың сүйегі табылды

  • 142

Өскемендегі тарихи өлкетану музейіне сараптама жасау үшін сақ дәуіріне тиесілі 17 жастағы бекзаданың сүйегі жеткізілді. Ол Тарбағатай ауданындағы «Елеке сазы» қорғанында жерленген.

Алтын бұйымдарға толы қорымның ерекшелігі – оны ешкім тонамапты.

Өскемендегі өлкетану музейінде ғалымдардың халықаралық консилиумы өтті. Қазақстан мен Ресейдің білікті антропологтары «Елеке сазы» қорғанынан шыққан адамның сүйектерін зерттеп жатыр. Ол біздің заманымызға дейінгі VII-VIII ғасырда өмір сүрген бозбала. Ресей ғылым академиясының өкілдерін дененің мумияланғаны қатты таң қалдырды. Бұған бас сүйегіндегі саңылау дәлел.

Егор Китов, Мәскеу қаласы этнология және антропология институтының ғылыми қызметкері (Ресей):

- Біздің ойымызша, адамнан мумия не қуыршақ жасаған. Онымен барлық қоғам өкілдері қоштасуы керек болған сияқты. Мына саңылаулар оның өлімінен кейін денені сақтап қалудың амалдары жасалған сияқты.

Сақ тайпаларының денені бальзамдап, мумиялау бойынша жоғары технологияны меңгергенін археологтар да растайды. Көшпенділер металлургиядан да құралақан емес еді. Қорғаннан табылған әшекейлер, олардың дәлме-дәл өлшемдері сақтардың тұрмыс-салтынан дөп хабар береді.

Лидия Турова, тарих ғылымдарының кандидаты:

- Бұл оларда технологияның, сол заман үшін жаңа технологияның дамығанын көрсетеді. Сақтарда шахталар ашылған, кен орындары да табылды. Бұл олардың бірегей ел болғанын айғақтайды.

Сол замандағы адамдардың ерекшелігін ғалымдар ғылыми дәйектермен зерделемек. Бұл үшін қорымнан табылған адамның сүйек тіндерінен ДНҚ үлгісін алады.

Зейнолла Самашев, тарих ғылымдарының докторы:

Есік қорғанынан басқалары табылды. Талдыдан ашылды, Шіліктіден, олардың барлығы тоналып кеткен болатын. Мына жерде тоналмаған адам таптық. Дене мүрдесі, бассүйегі бәрі жақсы сақталған. Сондықтан бұдан өте үлкен ақпарат алуға болады.

Ел шығысында әлі талай археологиялық жаңалықтар ашылатыны анық. Өйткені бір ғана Тарбағатай ауданынының өзінде ерте темір дәуіріне жататын 200 қорған өз зерттеушісін күтіп жатыр.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Вячеслав Ветлугин, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы