352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандыда жаңа магистраль салу үшін ағаштарды кесуге тура келеді

  • 101

Қарағанды қаласында жаңадан айналма жол салу үшін жүзден астам ағашты кесіп тастауға тура келеді.

Себебі жаңа магистраль қайыңды орманды басып өтеді. Бірақ бұған тұрғындар наразы. Ал жол салушы мердігерлер кесілген ағаштардың орнына 4 мың түп қайың егіп беруге уәде етіп отыр.

Қарағандылықтардың сүйікті демалыс орнына айналған тоғайда ағаш қалмайтын түрі бар. Айналма жол салу үшін бұл маңдағы 140-тан астам қайыңды отауға тура келеді. Мердігерлер болса «кесілген ағаштардың орнына таяу маңнан өзгесін отырғызамыз» деп уәде етіп отыр. Ал жергілікті тұрғындар жаңа жолдың қайыңды алқапты айналып өткенін қалайды.

Людмила Матвеева, қала тұрғыны:

-Бұл орманда сан түрлі өсімдік бар. Саңырауқұлақ, қымыздық, қайыңдар мен көктеректер өсіп тұр. Осының бәрін енді қалай шауып тастай салады? Кей жерлерге тіпті 50 сантиметрлік бұтақтар отырғызса да өспейді. Қалайша олар он метрлік ағаштарды басқа жерге отырғызбақ.? Мұның бәрі өтірік, ағаштар кесілген бойынша бұл мәселе ұмытылып қалады.

Мердігерлер жаңа айналма жолдың құрылысын барынша оңтайландырғандарын алға тартады. Бұл жоба қазір мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Кесілген ағаштардың орнына 4 мың түп қайың отырғызылмақ. Орман шаруашылығы жұмыстарына 30 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған.

Игорь Гафтон, жол компаниясы директорының орынбасары:

-Бұл учаскесден жерасты жолаушылар өткелін салып, қала тұрғындарының қайың орманына келу жолдарын салу көзделіп отыр. Оған қосымша қаражат бөлу қарастырылып жатыр.

Жаңа магистраль Қарағанды мен Теміртау қалаларының арасын қосатын тас жол. Айналма жолдың құрылысына орман қорынан 10 гектардан астам жер бөлінген.

Айта кеткен жөн, Қарағанды облысының аумағында небәрі 600 мың гектар орманды жасыл алқап бар. Бұл аймақтың жалпы аумағына шаққанда тек бір пайызы ғана.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы