359.76 423.70 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жалтыркөлдегі жолдың алғашқы бөлігі тамызда тапсырылады

  • 96

Астана іргесінде орналасқан Жалтыркөлде былтыр басталған жолдың жыры әлі бітер емес.

Енді жергілікті тұрғындар Қарағанды тас жолы мен осы елді мекенді байланыстыратын асфальтті сүріп тастап, орнына жаңасын төсеуге асықпай отырған мердігер компанияға наразы.

Осыдан 3 жыл бұрын Жалтыркөл жанынан карьер ашылды. Міне, сол кезден бастап тұрғындардан маза кетті. Алдымен нысанға үздіксіз қатынаған жүк көліктері тақтайдай тегіс асфальтті бүлдірді. Соның салдарынан автобус пен такси атаулы елді мекенге кіруден бас тартқан болатын. Ауыл азаматтары бой көтерген соң, жауапты кәсіпорын 4 шақырымды қалпына келтірген еді. «Алайда тас жолды талқандаған алып техникаға әлі тыйым болмай тұр», – дейді тұрғындар. 

Досан Балташев, Аршалы ауданы Жалтыркөл ауылының тұрғыны:

- Түнгі уақытта сырттан келетін жүк көліктері көшенің ортасын таптап жүріп жатыр. Енді соған тыйым салып, жол белгілерін салып, көмек қажет болып отыр. 

Ауыл азаматтарының жартысынан көбі Астанаға қатынап жұмыс істейді. Ал дауға негіз болған 4 шақырым – елорда мен Жалтыркөл арасын жалғап тұрған жалғыз жол. Енді тұрғындар сол асфальтті сүріп тастап, орнына жаңасын төсеуге асықпай отырған мердігер компанияға наразы.

Анария Досмақова, Аршалы ауданы Жалтыркөл ауылының тұрғыны:

- Жұмысты маусымның 10-ында бастаған, осы уақытқа дейін жол салып жатыр. Не басы жоқ, не аяғы жоқ. Жолдың басталған жері осы жер. Кіреберіс жер істелінген жоқ. 4 шақырым сол бетімен жатыр.

Жол салып жатқан мердігер мекеменің өкілдері барлығы арнайы кесте бойынша жүріп жатқанын айтып ақталды. Оған сай құрылысқа бас-аяғы 6 ай уақыт берілетін көрінеді. 

Азамат Әбділдин, мердігер компания өкілі:

- Келісімге қол 14 маусымда қойылды. Жұмысты бастауға рұқсатты да осы күні алдық. Ал техниканы дайындауды келісімге дейін бастап кеттік. Жобада құрылысқа берілетін уақыт алты ай деп анық жазылып тұр. Тұрғындардың наразылығын түсінеміз, бірақ біз кесте бойынша жұмыс істейміз.

Мердігер компанияның өкілі жөндеу жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін аяқталады деп сендірді. Ал ауыл әкімінің орынбасары тамыздың соңында жолдың алғашқы бөлігі тапсырылады деген ақжолтай хабарды тұрғындарға жеткізуге асықты. 

Ғабдулғайып Рыспаев, Аршалы ауданы Жалтыркөл ауылы әкімінің міндетін атқарушы:

- Осында қызмет етіп жатқан фирмамен кездесіп, күнара сөйлесіп тұрамыз. Қазіргі көтеріп жатқан мәселе, бірінші участок – М-36 деген тас жолдан ауылға дейін асфальт салып, тамыз айының соңына дейін бізге тапсырады.

Жырға айналған Жалтыркөл жолы ақыры биліктегілердің де назарына ілінді. Ауыл азаматтарының Премьер-Министрге жолдаған шағымына жақында жауап та келіпті. Тұрғындардың сөзінше, онда осыған дейін жүргізілген жұмыстардың тексерілетіні айтылған көрінеді. 

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Азамат Саметов

Хабар 24 телеарнасы