369.36 436.00 5.46

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай автозауыты электромобиль өндірісін ұлғайтпақ

  • 122
Қостанай автозауыты электромобиль өндірісін ұлғайтпақ

Қостанайлық іскер әйел демалыс базасы аумағында күннен, желден қуат өндіретін қондырғылар орнатты.

Осы арқылы ол электр энергиясына кететін шығынды екі есе азайтқан. Үнемшіл жүйеге көшу бағытында өңірде іргелі жобалар да жүзеге аспақ. Қостанай автозауыты келер жылдан бастап электромобиль өндірісін ұлғайтуды жоспарлап отыр. 

Қостанай ауданы аумағында орналасқан бұл демалыс базасы алғашқы панельдерді 2014 жылы қойды. Біртіндеп көбейіп, бүгінде мұндағы күн батареяларының саны 22 жетті. Бұдан бөлек Болотов қондырғысын орнатқан. Нәтижесінде демалыс кешені дәстүрлі энергия көзіне тәуелділіктен арылды. 

Сәуле Қабидулова, демалыс базасы қызметкері: 

- Күніне 7 және 12 киловатт энергияны біз күн панельдерінен және жел генераторларынан аламыз. Ол энергия біздің қонақ үй және монша кешендеріне пайдаланылады.

Бұл өндірілген энергия мың жарым шаршы метр ғимаратқа толықтай жетеді. Демалыс нысаны өз тәжірибесін бөлісуден қашқан емес. Сондықтан да мұнда жасыл экономикаға көшу жайын талқылайтын жиындар жиі өтеді. Бұл жолғы басқосу да ЭКСПО технологиясын қолдану тақырыбына арналып отыр. «Табиғи қуат көзін пайдалану қай жағынан да тиімді», – дейді дөңгелек үстелге қатысқан энергия көзін жеткізуші мекеме басшылары.

Мұрат Демеуов, кәсіпорын басшысы:

- Генераторларға әрқашан мұнай көзі керек. Күн батареясының өзі 25-30 жыл жұмыс істей береді. Күн сәулесі тисе болды. Аккумуляторларын ғана ауыстыру керек, оның өзін қазір ауыстырмайтын шешімдерді таптық. Қазір соны өзіміз тауып, өндіру мәселесіне көшіп жатырмыз.

Демалыс кешенінің үнемшіл тәжірибесіне жергілікті кәсіпкерлер қызығушылық танытып отыр. Қазіргі таңда Қостанай ауданында жасыл жобаларға инвесторлар тартуға баса назар аударылған. 

Әнуарбек Қасымов, Қостанай ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазір біз Қостанай аумағында смарт орындықтарды орнату жобасын қолға алып жатырмыз. Олар негізінен адам көп жүретін орындар – жағалау, саябақтарға қойылмақ. Келер жылы да осы бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек.

Ал Қостанай автозауыты бұған дейін 27 дана электромобиль құрастырған еді. Экологиялық әрі экономикалық үнемді көліктің сұранысқа ие боларына сенім мол. Кәсіпорын келер жылы электромобиль шығаруды еселеп арттыруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Абылай Мауданов, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы