369.36 436.00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Пайдаланылмай жатқан жерлер шаруашылықтарға берілуі тиіс

  • 139

«Пайдаланылмай жатқан жерлер, өрісті малға толтыруды мұрат еткен шаруашылықтарға берілуі тиіс».

Оралда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшылығымен кездескен шаруалар осылай дейді. Мәселен Ақжайық ауданынан келген Талғат Орынғалиев бірнеше жыл бұрын мемлекеттік бағдарламаның көмегімен несие алып, шопан ата түлігінің басын мыңға жеткізген. Бұған қоса шаруашылықта 50 бас сиыр мен 30 шақты жылқы бар. Алайда «Жыл санап өсіп келе жатқан шаруашылыққа небәрі 670 гектар жайылым таршылық ете бастады. Жерімді ұлғайтсам деп атқарушы органдардың есігін талай қақтым. Бірақ әзірге қайран болмай тұр», - деп налиды шаруа.

Айта кеткен жөн, биыл аймақта игерілмей бос жатқан 1 миллион гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылған болатын. Осы сияқты сан түрлі кедергіге тап болатын кәсіпкерлер мүддесін қорғауға агенттік өкілдері қолға алған жаңа жоба оң ықпал етпек.

Талғат Орынғалиев, шаруа қожалығының басшысы:

-Мені қинап тұрған мәселе – жер мәселесі. Мына жер мәселесінде шаруа далада жүріп жатқаннан кейін көп кісілердің онымен хабары жоқ. Осы жер мәселесі жөнінде мен бұған дейін де аудан, ауыл әкімінде, облыс әкімінің орынбасарында болған едім. Осы жер мәселесі шешілмей келіп еді, енді осы жерден сол шындық, дұрыстық тауып, шаруам шешіледі деп ойлаймын.

Болат Исақов, ҚР МҚІС және СЖҚҚА БҚО бойынша департаментінің басшысы:

-Осы жоба аясында бізде жүйелі түрде осындай кездесулер өткізілетін болады кәсіпкерлермен. Бүгінгі кездесуге 4 кәсіпкер келді, өздерінің сұрақтарын бізге қойды. Бұл сұрақтарды біз зерделеп, шешетін жолдарды тауып, іздейтін боламыз.

Хабар 24 телеарнасы