352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістанда заңсыз құрылыстарға қарсы күрес белсенді жүріп жатыр

  • 142

Түркістан облысының орталығы әлемдік деңгейдегі шаһар ретінде дамиды. Ол үшін қалада «Көне Түркістан» тұжырымдамасы жасалған.

Тіпті орталықта бой көтеретін тұрғын үйлер көпқабатты болмайды. Себебі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің биіктігінен аспау қажет. Барлық жерде мавзолей мүмкіндігінше көрініп тұруы тиіс. Бұл – өңір басшысының тапсырмасы. Ал қаладағы заңсыз және заң талаптарын бұза отырып салынған құрылысқа мүлдем жол жоқ. Осы мақсатта мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасы жергілікті атқарушы органдармен қала аумағындағы 110 нысанды анықтап, тиісті шаралар қабылдауда.

Қонақ үй ауласына жапсарлай салынып жатқан бұл нысанды меншік иесі Сұлтанбек Дүйсенов «тұрғын үй» дейді. Алайда жеке кәсіпкердің бұл уәжімен облыстық мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасының мамандары келіспейді. Ғимаратқа берілген құжат баспана салуға арналған, алайда құрылысты бақылаушылар оны комерциялық нысан ретінде танып отыр.

Түркістан қаласының тұрғыны Сұлтанбек Дүйсеновке нысанды заң талаптарын бұза отырып салынған деген соттың шешімі әлдеқашан шыққан. Бұл шешіммен келіспеген кәсіпкер, жоғары инстанцияға да жүгініп көрген. Бұл ісінен де ештеңе шықпаған. Сот орындаушы енді тек «нысан бұзылу қажет» дейді.

Салтанат Сисембаева, сот орындаушы:

- Атқарушылық іс 2018 жылы 23 сәуір күні түскен. Осы күннен бастап бұл Дүйсенов Сұлтанбекке бірнеше рет хабарландыру, ескерту берілген. Алайда бұл өз есебінен ешқандай бұзуға әрекет жасаған жоқ бүгінгі күнге дейін. 4 ай уақыт берілді бұл кісілерге. Соттың шешімі шыққанына бір жылдан асып кетті. Барлығын Дүйсенов Сұлтанбектің өзі жақсы біледі.

Біраз уақыт ауласына техника түгіл адам жолатпаған меншік иелері соңында сабырға келіп, жартылай қабырғасы қаланған ғимаратты бұзуға келісімін берді.

Түркістанда мұндай талапқа сай емес құрылыс нысандар жетерлік. Соның ішінде шаһарға кіретін және шығыс жолдар бойындағы нысандарды ретке келтіру басты назарда. Бүгінгі таңда қала аумағында 110 нысан анықталып, тізімі жасақталған.

Мейірлан Керімжанов, облыстық мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

- 110 нысанның ішінде 52 нысанға тиісті әкімшілік шара көріп, 11 миллион 200 мың теңге қаржы айыппұл өндірдік. Жергілікті тұрғындарға комерциялық нысан салатын тұрғындарға айтарымыз, барлық құжаттар заңға сәйкес болу керек. Құжаттар дұрыс болатын болса, оны ешкім бұзбайды.

Түркістанда заңсыз жəне заң талаптарын бұза отырып салынған құрылыс нысандарына шара көру жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайды. Мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасы 10 құрылыс нысанының бұзылу жөнінде сотқа талап арыз түсірген. Жыл соңына дейін, сала мамандары барлық құрылысты зерделеп, меншік иелеріне түсіндірме жұмысын жүргізбек.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы