352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

EXPO-дан кейін энергия тиімділігіне байланысты жаңа жобалар жұмысын сәтті жалғастырып отыр

  • 120
EXPO-дан кейін энергия тиімділігіне байланысты жаңа жобалар жұмысын сәтті жалғастырып отыр BNews.kz

2050 жылға қарай еліміздегі электр энергиясының 50%-ы баламалы қуат көздерінен өндіріледі.

Осы межеге жету үшін нақты істер қолға алынған. Ең алдымен жасыл энергияға басымдық беріледі. Сондай-ақ EXPO кешендері мен көрме кезінде бастау алған жобаларды тиімді пайдалану көзделген.

EXPO көрмесінің аясында еліміздегі серіктестіктердің бірі диодты шамдар өндіруді қолға алған еді. Өндірісте ауысымына шамамен 6 мың дана филаментті шам шығарылады. Жаңашылдықтың арқасында энергияны әлдеқайда үнемдеу көзделген. Нәтиже жоқ емес.

Амангелді Таукенов, Led System ЖШС Бас директоры:

- Нано қаптамасы бар энергиялық шамдарды жылыжайларға орнатамыз. Тиісінше, өтімділік екі есеге дейін өседі. Шығын да аз болады.

EXPO көрмесі кезінде қолға алынған ірі жобалардың бірі бұл ғана емес.

Айталық, Ақмола облысының Степногорск қаласындағы су арнасы мекемесінде де энергия үнемдеу жобасы жүзеге асырылды. Нәтижесінде былтыр кәсіпорынның шығыны 3 есеге дейін азайған. Тың жоба қаржы мен қуат көзін үнемдеп қана қоймайды. Су құбырларында пайда болған ақауларды тез анықтап, апаттың салдарын жедел жоюға мүмкіндік береді. Ол үшін қаладағы 300 шақырымнан астам құбырға 160 есептеу қондырғысы орнатылған. Осы арқылы мамандар судың қысымын онлайн бақылайды. Бұл өз кезегінде апаттың алдын алуға жағдай жасайды. Осылайша, мекеме бүгінде жыл сайын бір ғана электр қуатына кететін шығынның өзінен 230 млн теңгеге дейін қаржы үнемдеп отыр.

Алексей Гетманов, «Степногорск су арнасы» коммуналдық мекемесінің директоры:

- Егер жүйенің өзіне қарайтын болсақ, қазір мұнда қаладағы барлық су құбырлары көрсетілген. Ондағы қысымды, қандай да бір өзгерістерді осындағы диспетчер көріп отырады. Егер апат болса, бұрынғыдай құбыр қай жерден жарылды екен деп іздеп жүрмейміз. Диспетчер ақауды анық көреді де, жедел жөндеу тобын жібереді. Осылайша, электр энергиясын, жанармайды, қала берді судың өзін үнемдеуге мүмкіндік алып отырмыз.

Кәсіпорын мұнымен тоқтап қалмақ емес. EXPO-дан кейін де жүйені жетілдіріп келеді. Енді шаһардағы 140 шақырым кәріз құбырына дәл осындай онлайн бақылау қондырғылары орнатылмақ. Осындай жаңаша тәсілдер арқылы елдегі электр энергиясын үнемдеу басты мақсат болды бүгінде. Атауы алты құрлыққа тараған EXPO көрмесінің шарапаты да осы болар.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Дамир Берікұлы

Хабар 24 телеарнасы