352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ресейде 48 адамды өрттен құтқарған Семей тұрғыны үйіне оралды

  • 133
Ресейде 48 адамды өрттен құтқарған Семей тұрғыны үйіне оралды

Өртке оранған автобустан 48 адамды 1 минут 45 секундта құтқарған Ержан Амарханов бүгін Семейге келді.

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

37 жастағы Ержан көлік сатып алу үшін тамыздың 4-і күні кешкі сағат 19.50-де «Семей - Новосібір» бағытындағы автобуспен жолға шыққан. Бірақ түнгі сағат 3.20-да Алейск қаласына жақындағанда автобустан өрт шыққан. Бұл уақытта жолаушылардың барлығы тыныш ұйқыда жатқан. Өрт тұтанғанын тек Ержан ғана байқаған. Ол бірден жүргізушіге автобуста өрт шыққанын хабарлап, көлікті тоқтатуын сұраған. Бірақ ол Ержанның айтқан сөзіне сенбеген. Содан кейін жолаушы жұдырық жұмсауға мәжбүр болған. «Мен ұйқыға жатқанмын. Арада шамамен 1 минут өткенде орындығымның асты жып-жылы болып кетті. Көзімді ашып қарасам орындығымның асты түтіндеп, жанып жатыр. Бірден жүргізушіге барып, «біз жанып жатырмыз» дедім. Бірақ ол менің сөзіме сенбеді. Ал екінші жүргізуші ұйықтап жатыр. Автобусты тоқтатпаған соң оған қол көтеруге тура келді. Содан кейін ғана ол тоқтады. Ал қайта жүгіріп орныма келсем, қызыл жалын біршама жерді шарпыған.

«Жанып жатырмыз» деп айғайласам да, адамдар сезбейді. Сөйтсем автобустың артқы бөлігінде отырғандардың көбі көк түтінге уланып үлгерген екен. Ал кейбірі не болғанын түсінбей, қарап отыр. Тіпті жүргізуші автобустың есігін де ашпады. Содан кейін екі есікті тепкілеп, итеріп жартылай аштым. Алдымен балаларды далаға шығардым. Көтеріп алып, бірінен кейін бірін лақтыра бердім. Өйткені өрт күшейіп барады. Ал жүргізуші өрт сөндіру құралымен өртті сөндіріп жатты. Бірақ қызыл жалын дес бермеді», - дейді Ержан. Жолаушылар ішінде 3 айлық баладан зейнеткерге дейін бар. Барлығы 48 жолаушы. Оның 12-сі бала. Ержанның сөзінше, автобус небәрі 4 минуттың ішінде өртке оранған. Ал ол жолаушыларды 1 минут 45 секундта құтқарғанын айтады. Ресейге көлік сатып алу үшін бара жатқан ол 1,4 миллион теңге алып шыққан. Бірақ ол жолаушыларды құтқарып алу үшін жанталасып жүргенде құжаттары мен ақшасы жанып кеткен. Оқиға орнына шамамен 10 минут ішінде өрт сөндірушілер жетіп, қызыл жалынды ауыздықтаған. Барлық жолаушы басқа автобусқа отырғызылып, Барнаул қаласына жеткен. Ал Ержанды мән-жайды білген соң такси жүргізушісі Новосібірге тегін жеткізген. Ал ол жақта 3 күн ішінде барлық жанып кеткен құжаттарын қайта рәсімделген. «Мені әлеуметтік желі арқылы сондағы телеарналардың бірінде істейтін журналист қыз тауып алды. Мен туралы ақпаратты бірден теледидардан көрсетті. Кейін мені полицияға апарып, құжаттарымды рәсімдеуге көмектесіп, тамақтандырып, жатын орын берді. Ал жергілікті билік тарапынан ешқандай қолдау болмады. Тіпті біреуі келіп рахмет айтпады», - дейді ол. Автобус Семейдегі «Сұлу» автобекетінен шыққан. Кейін Ержан автобекеттің басшылығына хабарласып, адамдардың өміріне немқұрайлы қарауға болмайтынын айтқан. Бірақ автобекеттегілер автобустың Ресей еліне тиесілі екенін, барлық арыз-шағымды соларға айту керек екенін жеткізген.

«Автобус Семейге келген соң техникалық тексеру жүргізілуі керек. Мен осыны айтқанда автобекет басшысы телефонды қоя салды. Содан бері жауаптан қашып жүр. Кейін маған мәскеулік заңгер автобус жолға шықпас бұрын Қазақстанда тексерілуі керек екенін айтты. Бірнеше күн өткен соң жанып кеткен ақшамды өндіріп алу үшін автобус иесін іздедім. Оны достарымның көмегімен таптым. Олар Мәскеуден грек-рим күресінен өткен жарыстан келе жатқан болатын. Барлығы ғаламтор арқылы естіген екен», - деп сөзін жалғастырды Ержан.

Ержанға жанып кеткен ақшасын автобус жүргізушісі 15 тамызға дейін қайтарамын деп, қолхат жазып берген. Бірақ тек 150 мың рублін қайтарады. «Егер автобус жаңа болғанда, мұндай жағдай орын алмас еді. Сондықтан ескі автобустарды алып тастау керек. Егер өртті мен байқамағанда барлығымыз тірідей жанып кетер едік. Мен бұл жасаған әрекетіммен мақтанбаймын. Бірақ мен халық үшін алаңдаймын. Егер ескі автобустар бағыттан шығарылмаса, талай адамның өліміне әкелуі мүмкін. Сондықтан менің осы сөзімді жоғарыда отырғандар ескерсе екен», - дейді Ержан. Ержан негізі кәсіпкерлікпен айналысады. 4 баланың әкесі. Үлкені - 16, кішкентайы - 3 жаста. Грек-рим күресінен жаттықтырушы болып ресми түрде жұмыс істемейді. Тек өзінің жаттықтырып, жарыстарға апаратын тәрбиеленушілері бар. Орын алған жағдайдан кейін Өскемен мен Семейдің денешынықтыру және спорт басқармасы тарапынан ресми жаттықтырушы ретінде жұмысқа тұруға ұсыныс түскен екен. Ержан Қазақстанға достарының көмегімен жеткен. Отбасы мен туған-туысқандары да болған оқиғаны әлеуметтік желі арқылы білген. Ақшасыз қалған ол 5 күн бойы үйдегілерімен хабарласа алмаған. Тек бүгін Семейге келген соң көрісіп отыр.

Хабар 24 телеарнасы