353.64 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарлық диқандар мол өнім алудың сырымен бөлісті

  • 132

Өсімдік шаруашылығына қолданылатын озық технологиялар мол өнім алуға кепілдік береді.

Мәселен, Павлодар облысының Ақсу ауылдық аймағы үшін биылғы жыл жайсыз болды. Күннің салқындығы тұқым себу жұмыстарын кешеуілдетті. Алайда бұл көкөніс түсіміне айтарлықтай әсер етпеген. Шаруалар картоптан мол өнім аламыз деп отыр. Өйткені химияландыру, тұқымды жаңарту және суарудың жаңаша әдіс-тәсілдері қолданылған.

Баптай білсең – жер жомарт. Диқан қауымы мұны ешқашан естен шығарған емес. Бүгінде жер өңдеудің түрлі технологиялары бар. Ең маңыздысы – топырақ құнарлылығын арттыру. Мал азығы дақылдарын картоп салатын алқаптарда өсіре отырып, топырақты қалпына келтіруге болады екен. Әсіресе жоңышқа жердің құнарын жақсартып, пайдалы микроағзалармен және азотпен байытады. Бұл саланың басты жетістігі озық агротехнологияларда жатыр.

Ирина Аникина, университет профессоры:

- Озық агротехнологиялар, өнімділігі жоғары әрі сапалы сұрыптар. Химиялық заттарды тиімді пайдалану. Осының бәрі өсімдік шаруашылығын жоғары өнімділікке жеткізеді.

Биылғыдай қолайсыз ауа райының өзінде бұл шаруашылықтағы картоп пен сәбіздің түсімі жаман емес. Гектарына 350 центнер өнім алу межесі тұр. Қазір өсімдіктердің жайқалып өскен кезі. Егіс алқаптарында жаңбырлатып суару технологиясы қолданылады. Тыңайтқыштар сумен бірге себіледі. Биыл «Бергит» деп аталатын картоптың жаңа элиталық сұрпы егілген.

Ирина Аникина, университет профессоры:

- Жаңа сұрыптың өнімділігі жоғары. Ұзақ сақталады, сары түсті және дәмі ерекше. Басқа картоп түрлерімен салыстырғанда түсімі де жоғары. Мемлекеттік сұрып сынағынан сәтті өтті.

Бүгінде жаңбырлатып суару технологиясын тамшылатып суару әдісі алмастырды. Дегенмен де жаңа жүйе көлемі шағын алқаптарда қолданылады. Осы технологияны қолданған көрші шаруашылық 22 гектар жерге сәбіз егіпті. Өнім жинайтын күн де алыс емес.

Юрий Панихин, Евгеньевка ауылдық округінің әкімі:

- Біз Павлодар облысында аз шығынмен көп өнім алуға болатынына көз жеткіздік. Бұл ретте тамшылатып суару технологиясының маңызы жоғары.

Ақсу бағбандары суармалы егіс алқаптарын қалпына келтіру жұмыстарымен белсенді түрде айналысып жатыр. Жылдың соңына дейін қосымша мың гектар жерді қолданысқа енгізбек. Соңғы екі жылда олардың саны 12 мың гектарға жеткен.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы