352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысында ішкі туризм үлесі 4 пайызға артады

  • 202

Каспий жағасындағы өңірдің туризм әлеуеті қарқынды дамып келеді.

Аймақтық пилоттық жоба аясында төмен пайызбен несие алған кәсіпкерлер өлке тарихында бұрын болмаған тың бастамаларды жүзеге асырып жатыр. Бұл салаға инвестиция тартудан бөлек мемлекет тарапынан да қаржылай қолдау бар. Бүгінде облыс орталығының жағажай инфрақұрылымы дамып, туристер үшін қолайлы жағдай жасалған.

Жас жұбайлар өміріндегі ең ыстық кезеңдерін есте сақтау үшін әдетте қаланың ең көрнекті жерлері таңдайды. Бұл орайда Ислам мен Ұлжанның таңдауы бірден 15-ші шағын аудандағы екі айда салынған жағажайға түсіпті.

Ислам Мағзам, қала тұрғыны:

- Үйлену тойы болғаннан кейін жас жұбайлар осындай жаңа жерде суретке түскені дұрыс деп есептеймін.

Ұлжан Жолдас, қала тұрғыны:

- Осындай іс-шаралар көбейе берсін, рақмет!

Бұрын 14-ші шағынаудан мен «Қызғылт жарқабақ» деп аталатын жерге дейін ашық дала болып келді. «Жағажайды дамыту» аймақтық жобасы қолға алынғалы бері бұл төңіректің келбеті мүлдем өзгерді. Амфитеатр бой көтеріп, сәулет мүсіндері қойылған жаңа жағалауға туристерден бөлек шаһар тұрғындары да сүйсіне, мақтанышпен қарайды.  

Гүлнар Қошақбаева, қала тұрғыны:

- Бұл жер бұрын топырақ, шаң, адам аяқ басатын жері жоқ еді. Екі айдың ішінде осыншама жұмыс жасаған қала әкімдігіне, қала берді жұмыс жасаған адамдарға көп рақмет!

10 тамызда теңіз жағасында алғаш рет озық үлгідегі көпсалалы дала сахнасы ашылды. 19 бағанадан құралған амфитеатр биіктігі – 9, ұзындығы 70 метр. Мәдени нысан дыбыс, түрлі-түсті жарық беру құралдарымен қамтылған.

Пания Сармурзина, облыстық мәдениет басқармасының басшысы:

- Басында колоннада ретінде жоспарланған болатын. Халықтың сұранысы, өнерпаздардың арманы деп айтсам да болады, осы мәселелерді жүзеге асыру үшін облыс басшысы осындай іс-әрекетке барды.

Жеке инвестиция салынуымен қала жағажайларында курорттық кешендер көбейіп келеді. Ақтаудан 25 шақырым жердегі демалыс орнына жыл он екі ай туристер барады. Күнге қыздырынып, Каспийге шомылу үшін келушілерге барлық жағдай жасалған. Мұндағы аквапарктен кісі үзілмейді. Бұл жерде келешек елімізде баламасы жоқ толқынды бассейн салынады. 

Ақтоты Қонышова, Ақтөбе қаласының тұрғыны: 

- Елімізде туризм дамып келеді. Мұндай көрікті орындарды кез келген туриске мақтанышпен көрсетуге болады деп ойлаймын. Жағасында осындай демалыс орны бар Каспий біз үшін теңіз емес, мұхит болып көрінеді.

Әсемгүл Шунгулова, Атырау қаласының тұрғыны:

- Атыраудан Каспийге түсіп, демалу үшін жыл сайын арнайы келеміз. Әр кез сайын мұндағы демалыс орындарының жақсарғанын көріп қуанамыз.

Маңғыстаудың аңызға толы тау-тасы да туристерге қызықты. Өйткені қазақ еліндегі тарихи ескерткіштердің үштен бірін осы өлкеден табасыз. Былтыр 200 мыңнан аса адам Шерқала, Отпан тауларына барып, Көгез этноауылына аялдаған. Жеке кәсіпкер салған туристік аймақ биыл кеңейтілмек. Жалпы алғанда, ішкі туризм үлесі өңірлік жалпы өнімнің 1,2 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш 2023 жылы қарай 4 пайызға өседі.   

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Сұңғат Төлебаев

Хабар 24 телеарнасы