359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Құрыш қолды құрылысшы 100-ден астам ғимарат тұрғызған

  • 142

Елорданың өткені мен бүгінін салыстырар болсақ, ең алдымен мұндағы әсем ғимараттардың көптігі көзге түседі.

Осыдан 20-25 жыл бұрын сол нысандарды салған құрылысшылардың өзі сайын далада соншалықты көрікті қала бой көтереді дегенге күмәнмен қарады. Дегенмен арманның ақиқатқа айналуы жолында аянып қалған жоқ.

Есілдің сол жағалауы заманауи, сәулеті келісті нысандарға толы болса, оң жағалауы кеңестік кезеңді еске түсіреді. Себебі, мұнда сол дәуірдің құрылыс жобалары арқылы бой көтеріп, әлі күнге сыры мен сыны кете қоймаған ғимараттар бар. «Олар өз заманының теңдессіз туындылары», – деп еске алады астаналық Жамиль Гарипов. 40 жылдан астам уақыттан бері кейіпкеріміз талай үйдің кірпішін қалап, қабырғасын тұрғызды. Бірегей нысандарды жобалап, инженерлік шешімдер шығарды.

Жамиль Гарипов, құрылысшы:

- Целиноград инженерлік институтын аяқтаған соң, жолдамамен өзге аймақта 3 жыл жұмыс істедім. Кейін осында қайтып келіп, мына тұрғын үйді салуға кірістік. 174 пәтерді түгелдей пайдалануға бердік. Мен үшін бұл құрылыс несімен ерекше десеңіз, ол сапа жағынан бірегей деп танылды. Бұдан өзге де бас қалада көптеген тұрғын үйлерді, кәсіпорын ғимараттарын салдым.

Жамиль Гарипов құрылыс саласына кездейсоқ келген жоқ. Ол өзінің арман-мақсаты мен әкесінің талап-тілегінен үндестік тапты. Құрыш қолды құрылысшыны бала кезінен сүйікті кәсібіне баулыған – сексеннің сеңгіріне шыққан әкесі Фарук Гарипов. Ол да осы салада талай жыл еңбек етіп, өткен ғасырдың орта шенінде Целиноград шаһарын тұрғызуға атсалысқан.

Фарук Гарипов, құрылысшы:

- Біздің бригадада барлық ұлттың өкілі болды. Қазақ, татар, орыс жігіттері бірлесіп құрылысты қарқынды жүргіздік. Әрбір ауданда тұрғын үй, балабақша, мектеп салдық. Баламды осы іске үйреттім. Бірге біраз жұмыс та істедік.

Гариповтар отбасындағы игілікті істі баласы жалғастырып, бас қалада құрылыс жобаларын жүзеге асырып келеді. Жамиль Гарипов 100-ден астам ғимарат тұрғызып, кейбірін қайта қалпына келтірді. Тіпті Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту ісін де жобалады.

Жамиль Гарипов, құрылысшы:

- Құрылысшы тек ежелден келе жатқан мамандық түрі ғана емес, шарапаты мол кәсіп. Еңбегіміздің жемісі халықтың бағасы деп білеміз.

Құрылыс саласы ешқашан тоқтаған емес. Оның алғашқы кезеңі ежелгі дәуірлерде адамдардың үңгірді паналап, кейін күрке тұрғызуынан бастау алған деседі. Ал қазіргі жағдай мүлдем басқа. Құрылыс тек кірпіш қалап, сылақ сылаумен шектелмейді. Бірегей инженерлік шешім, дәлме-дәл есеп, сапалы жұмыс қажет. Сондықтан құрыш қолды құрылысшыларға деген құрмет арта бермек.

Авторлары: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы