356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жетісулық шаруалар жыл басынан бері 800 тонна қымыз өндірген

  • 294
Жетісулық шаруалар жыл басынан бері 800 тонна қымыз өндірген

Алматы облысында қымыз өндірісі жылдан-жылға өркендеп келеді.

Жетісу жеріндегі шаруалар биыл 800 тонна қымыз өндірген. 700 тонна қымыздың әр литріне 60 теңгеден субсидия берілді. Ал жылқы саны өткен жылмен салыстырғанда 354 мың 600 басқа жетті.

Алматы облысының Көксу ауданында тұратын Кенжебековтер әулеті 15 жылдан бері қымыз өндірумен айналысып келеді. Алғашқыда бұл шаруашылық қожалығында бір ғана бие болса, қазір 16 бие байлап отыр. Олар тәулігіне 100-150 литрдей қымыз дайындайды.

Ғазиз Кенжебеков, қожалық басшысы:

- Бұл нәресте сияқты. Ыстық кезде суытып құю керек. Суық кезде жылыдай құю керек. Мұны мәпелеп қарамасаңыз болмайды. Уақытымен пісу керек, жиі-жиі қарау керек.

Жақсы бапталған қымыз тез өтеді. Ауыл тұрғындары той-томалақ жасап, ас өткізетін кезде ұлттық сусынға алдын ала тапсырыс береді. Артылғанын аудан орталығы мен Талдықорғанға апарып саудалайды. Қымыздың әр литрін 350-400 теңгеден өткізеді. Аттың жалында, түйенің қомында өскен қазақ қымызға ерекше мән берген. «Сондықтан оны ешуақытта ысырап етіп, рәсуа қылмайды», – дейді шаруашылықтағылар. 

Бақытгүл Базарбаева, қымыз өндіруші:

- Қымыз қалып қалмайды. Керісінше, жетпей жатады. Күнделікті қымызды күнде алып кетіп жатыр.

Облыс шаруалары өткен үш айдың ішінде 800 тонна қымыз өндірген. Қымызмұрындықтан сіргемөлдіретерге дейін бұл көрсеткіш 1700 тоннаға жетуі мүмкін. Өйткені жер жәннаты Жетісуда бие қыркүйектің соңы мен қазан айының басында ағытылады. Халық құтыға құйылған қымызды алмайды. Өйткені оның құрамында түрлі қоспалар бар деп есептейді.

Жаныбек Дастан, қымыз өндіруші:

- Құтымен сатқаннан кейін бәріне қоспа қосылады. Біз өзіміз сауамыз, осында пісіп, осы жерден сатамыз. Менің ойымша, осылай сатылғаны дұрыс. Қоспа қосылғаннан кейін қымыздың өзінің дәмі де кетеді. Сапасы да кетеді, қадір-қасиеті де кетеді.

Саят Сақмолдин, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Мемлекет тарапынан қымыз өндірісіне қолдаулар көрсетіліп жатыр. Биылғы жылы әр өндірілген қымыздың литріне 60 теңгеден субсидия төленіп келе жатыр. Жыл басынан бері 700 тоннаға берілді.

«Аудандарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізгенімізбен, көптеген шаруашылықтардың субсидия алуға ынтасы жоқ. Олардың қолдарында ауруханалар мен сауда нүктелеріне осыншама литр қымыз өткізді деген құжаты болса, біз қымыз өндірісін субсидиялауға әзірміз», – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы