352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралда SMS BUS жүйесі жұмысын бастады.

  • 108

Оралда жолақы төлеудің электронды нұсқасы – SMS BUS жүйесі жұмысын бастады.

Оның көмегімен жолаушылар жолақыны SMS арқылы төлей алады. Жалпы қалада жолаушы тасымалдаумен 6 кәсіпорын айналысады. Күн сайын желіге шығатын автобустардың саны 500-ге жуық. Былтыр қалаішілік қоғамдық көліктерді 12 миллионға жуық жолаушы пайдаланған екен.

«Smart sity» бағдарламасы аясындағы SMS BUS жүйесі алғаш рет оралда 2016 жылы таныстырылды. Бастапқыда бұл жүйе небары екі-ақ бағытта қатынайтын қоғамдық көліктерге орнатылса, қазір олардың саны 8-ге жеткен. Жаңа жобаны жолаушылар да, автобус жүргізушілері де жатсынған жоқ. Артықшылықтары көп деген пікірде.

Петр Шалунов, автобус жүргізушісі:

Бізге әрине, қолайлы. Өйткені жолаушылар тым көп кезде олардан жолақы жинау оңайға түспейді. Кейде олар ірі ақша қаражатын ұсынған кезде қиналып қаламыз. Ал мына жүйенің көмегімен олар өздері төлем жасайды ғой.

Гүлназ Хамзина, қала тұрғыны:

- SMS арқылы жолақысын төлеу өте оңтайлы шешім деп ойлаймын, бұл біздің қазақ еліндегі халық игілігі үшін жасалып жатырған жаңа бастамалардың бірі. Өте ыңғайлы, мен жақында ғана сол жолақысын осындай жолмен SMS арықылы төлеп жүрмін, ыңғайлы, оңтайлы.

Жаңа жүйені енгізуде мамандар Алматы қаласының озық тәжірибесі ескерілгенін айтады. Қоғамдық көліктердің барлығына да бірегей код жазылған парақтар ілінген. Жолаушы автобусқа мінген кезде бұл сандарды 2505 нөміріне SMS түрінде жолдап, төлем жасай алады.

Айнұр Хамзина, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

- SMS төлеу жүйесі тегін, яғни сізден жолақысы үшін тек қана 80 теңге алады да, ал SMS төлеген үшін қызмет құны төленбейді. Оған интернет желісін қолданудың еш қажеті жоқ. Сонымен қатар барлық телефон құралдарына қолайлы.

Жаңа жүйені орнату автобус парктеріне еш салмақ салмайды. Яғни ол үшін ешқандай қондырғы сатып алып шығындалудың қажеті жоқ. «Әзірге SMS төлем тек балама ретінде ғана қолданыста. Қолайлы тұсы – төлем құралы ретінде жолаушының ұялы телефоны ғана қолданылады. Жолақы төлемін кез келген байланыс операторы арқылы жүзеге асыруға  мүмкіндік бар», - дейді мамандар

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы