353.64 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда 30-дан астам білім беру мекемелері жөнделеді

  • 119

Павлодарда ондаған жыл бойы жөндеу көрмеген білім беру нысандары жаңартылып жатыр.

Жаңа оқу жылына қарай 30-дан астам мектеп пен балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталады. Мамандардың айтуынша, мұндай ауқымды жөндеу жұмыстары бұрын-соңды жүргізілмеген.

Павлодар қаласында апатты жағдайдағы мектептер жоқ. Десе де жөндеуді қажет ететіндері баршылық. Науқан кезінде 32 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өткізіледі. Мысалы, мыңға жуық оқушыға шақталған бұл білім ошағындағы спорт зал 40 жыл бойы күрделі жөндеу көрмеген. Биыл жаңартылып жатыр.

Геннадий Любушкин, мердігер ұйым директоры:

- Спортзалдың едені толық ауыстырылды. Ондаған жыл бойы жөнделмеген соң, біраз қиындық болды. Қазір әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сосын асхананы жөндеуге кірісеміз.

Ал 200 ұл-қыз тәрбиеленетін бұл балабақшаның төбесінен сегіз жыл бойы су ағыпты. Биыл нысанның шатырынан бөлек касбеттері, терезелері түгенделді. Күрделі жөндеуге 20 млн теңге бөлінген.

Алла Васева, балабақша жетекшісі:

- Балабақшаның шатыры тесілгелі, біршама уақыттан бері төбеден тамшылап ағатын. Сондай-ақ аулаға төселген асфальт ойқыш-ұйқыш болатын. Енді тегістелді. Балалар мен ата-аналар риза.

Қазір 20 ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалғаны жаңа оқу жылы басталғанға дейін бітірілуі тиіс.

Амангелді Иманберлинов, қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары:

- Білім беру нысандарын жөндеу науқаны сала мамандарының жіті бақылауында. Бүгінге дейін жұмысына салғырт қараған мердігерлер болған жоқ. Біз өз тарапымыздан техникалық және авторлық қадағалау жүргіземіз. Жөндеу жұмыстары оқу жылы басталғанша толық аяқталады.

Облыс орталығында 42 мектеп пен 72 балабақша бар. Бүгінгі күні олардың басым бөлігі жаңа оқу жылына сақадай сай дайын тұр. Жалпы, жөндеу науқанына биылғы жылы жергілікті бюджеттен 700 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы