353.64 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде өткен 7 айдағы ЖІӨ көлемі 4 пайызды құрады

  • 105

Қаңтар мен шілде айы аралығында еліміздің жалпы ішкі өнім көлемі 4%-ды құрады.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында мәлім болды. Ал Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев мұндай көрсеткіштің көңіл көншітпейтінін жеткізіп, бюджет қаражатын игеруде кері тартып отырған министрліктер мен облыс әкімдіктерінің кемшін тұстарын атады.

Соңғы 7 айда ел бюджетіне 4 трлн теңгеден аса қаражат түсті. Жалпы өсім 116%. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында айтты. Баяндамаға сәйкес елімізге 7 миллиард теңге тікелей шетелдік инвестиция тартылды.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айы қорытындылары бойынша ЖІӨ 4%-ды құрады. Экономиканың өсуіне инфляцияның төмендеуі, жоғары инвестициялық белсенділік және экономиканың негізгі салаларында оң динамиканың сақталуы негізгі импульс берді. Инфляция ең төмен жылдық деңгейде сақталады. Жыл басынан бері ол 2,7%-ды. Бұл ретте жылдық инфляция 5,9%-ды құрады.

Министрден кейін дерлік барлық өңір әкімдері де өз есебін берді. Дегенмен Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев облыс әкімдіктері мен министрліктердің жұмысына көңілі толмайтынын білдірді. Әсіресе, бюджет қаржысын игере алмаған ведомстволарға ескерту жасады.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

- Атқарылмағаны 75,6 миллиард теңге. Оның ішінде бюджет қаражатының үнемделуі 9,8 миллиард. Ал игерілмеу сомасы 66 миллиард теңге. Осы сома келесі мемлекеттік органдарда қалыптасты: Қорғаныс министрлігі 12,5, Мәдениет және спорт министрлігі 9,7, Ұлттық қауіпсіздік комитеті 7,7, Ауыл шаруашылығы 6,6, Ақпарат және коммуникациялар 5,1 және де Ішкі істер министрлігі 3,4 млрд теңге.

Премьер-министр бөлінген қаржының уақытылы игерілмеуі ел экономикасының өсімін тежейтінін қадап айтты. Ал қыркүйек айында республикалық бюджет нақтыланғанда, игерілмеген қаражат басқа салаларға беріледі.

Авторлары: Дариға Ташенова, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы