352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда ұялы телефон ұрлығы өршіп тұр

  • 158

Алматыда ұялы телефон ұрлайтындар азаймай тұр. Биылғы жылдың өзінде жұрттың қалтасына қол салған 2 мыңға жуық күдікті ұсталып, қамауға алынған.

Арасында ұрлаған заттарын шетел асырып үлгергендері де бар. Телефон ұрлығына байланысты тәртіп сақшылары арнайы рейд ұйымдастырып, байланыс құралдары сатылатын орталықтарды тінтуге кірісті.

Қабағы қатулы сақшылар бұл орталыққа кенеттен келді. Сөреде самсаған телефондарды шетінен тексеріп, сатушыларды әбден састырды. Тіпті арасында полицейлермен тіресіп, тілшілерге тіксінгендері болды.

Тексеріс боларын бәзбіреулерден естіген кей сатушылар бүгін тіпті жұмысқа шықпай қойған. Содан болар сөрелері бос тұр. Алайда тәртіп сақшылары айласына құрық бойлмайтын оларды да ертелі-кеш тексеретіндерін айтты. Өйткені сұғанақтардың дені қолды қылған «олжаларын» көбіне осы орталыққа әкеліп сатады екен. Мұны саудагерлердің өздері де мойындап отыр.

Блиц 1:

- Анау жерде тексеретін аппарат бар. Ұрланған-ұрланбағанын сериялық нөмермен тексереміз. Ұрланған болса, көбісі жеке куәліктерін бергілері келмейді.  –

Блиц 2:

Күн сайын 20-30 адам келіп, ескі телефондарды сатады. Біз бұл телефондардың ұрланған-ұрланбағанын білмейміз.

Полицейлердің күресі күшейгенімен, қалада қалтаға қол салатындар саны сиремеген. Тек жыл басынан бері Алматыда 4 мыңнан аса телефон ұрлығы тіркелген екен. Құзырлылар күдікке іліккен 2 мыңға жуық адамды қолға түсіріп, оларға қатысты қылмыстық іс қозғаған. Тіпті арасында қолды қылған байланыс құралдарын қырғыз еліне асырып үлгергендері де бар.

Салтанат Әзірбек, қалалық ІІД ресми өкілі:

-Біздің мәліметімізге сүйенсек, ұрланған бағалы телефондар Қырғызстанға кетеді. Осыдан 2 жыл бұрын біз терлеп-тепшіп Бас прокуратураның көмегімен 100 ұрланған телефонды Бішкектен әрең ғана алдырттық. Ол заңды тұрғыдан қиындықтары өте көп екен.

Бүгінгі тексеріске 70 полиция қызметкері жұмылды. Олар ноутбук арқылы ортақ базаға телефондардың IMEI-кодтарын тіркеп, байланыс құралының нақты кімге тиесілі екенін анықтады. Әзірге тәртіп сақшылары бұл орталықтан ұрланған телефондарды таба алмады. Алайда мұндай тексеріс жыл соңына дейін қалада жүйелі түрде жасалып тұрмақ.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы