359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында жерасты суының көтерілуінен 500-ге жуық үй зардап шекті

  • 93

Ертіс өңіріндегі Екінші Павлодар шағынауданы тұрғындарының көңілі күпті.

Жерасты суларының көтерілуі салдарынан зардап шеккен шаңырақтың саны 500-ге жетті. Лай су ықшамауданның тағы бір көшесінің аулаларына кірді. Күз болса жақындап қалды, ал мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. Тұрғындар төтенше жағдай жариялауды да өтінген. Бірақ жергілікті билік бұдан бас тартты.

Көпбалалы ана Әсем Болатованың үйінің жағдайы осы. Судың көтерілуінен үйінің іргесі сөгіліп, жертөлесі суға толды. 33 жастағы әйел төрт жыл бұрын көпқабатты үйдегі пәтерін жерүйге ауыстырып алған. Енді өкініп отыр.

Әсем Болатова, көпбалалы ана:

- Үйдің астында үш метрлік су тұр. Бұл қыста да, жазда да бізге қиын. Төрт балам бар кішкентай. Төртеуі де кезек-кезек ауырады. Ешқандай жағдай жоқ. Әрі қарай не істейміз?

Мәселені шешу үшін шағынауданда арнайы төрт құрылғы орнатылып, бір тәулікте 500 текше метр су сорғызылып жатыр. Мамыр айынан бері 500 мың текше метр су шығарылған.

Көктем мезгілінде Екінші Павлодар шағынауданындағы судың астында қалған үйлердің қатары 200-ге жуықтаса, бүгінгі таңда олардың саны 500-ге жеткен. Бас-аяғы 15 көшенің баспанасы су астында қалып отыр. Қала билігінің шешімімен дәл осы жерде жерасты сулары жинақталатын нысан салынып жатыр. Ал желтоқсан айында кәріз жүйесінің құрылысы басталады.

Бұған дейін мұндағы жерасты суларының деңгейін анықтау мақсатында барлау жұмыстары жүргізілген. Десе де нақты себебі әлі анықталған жоқ. Ендігі үміт – осы тектес гидрогеологиялық мәселелерді шешумен айналысатын мамандарда.

Қанат Желдібаев, қалалық әкімдіктің ТЖ және азаматтық қорғаныс жөніндегі бөлім басшысы:

- Судың қайдан келетіні белгісіз. Жерасты суларының көтерулі себебін анықтау мақсатында білікті мамандардың көмегіне жүгінеміз. Мамандар Павлодар қаласының гидрогеологиялық картасын әзірлейді. Су деңгейін төмендету үшін қазаншұңқыр қазылады. Бұған 50 млн теңге бөлінді.

Мәселенің оң шешілетініне күмәнмен қараған тұрғындар Үкіметке хат жолдап, Президент Әкімшілігіне де шағымданды. Бүгінде күрмеулі түйткілдің түйінін тарқату үшін кәріз жүйесін салу туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта жоба сараптамадан өткізіліп жатыр. Сәтін салса, құрылыс қыста басталады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы