352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыдағы «Саяхат» базары сүріле бастады

  • 114

Қала басшылығы бос жатқан телімді билеп-төстеп алған сатушыларға басқа сауда орталықтарынан орын беріп, оларды көшіріп жатыр.

Ал босаған аумаққа жаңа автобекет салу жоспарланған. Әзірге оның құрылысы қашан басталатыны белгісіз. Қазір жобаны қаржыландыратын инвесторлар іздестіріліп жатыр.

Тоғыз жолдың торабы «Саяхаттан» сүйкім кеткелі де он жылдан асты. Танымал автобекет сүрілген соң, бос жатқан жер жабайы сауда орнына айналаған. Сатушылар көбейіп, бұл маң шағын базарға айналды. Жайлы жерге жайғасқан оларды өзге орынға оңайлықпен көшіру мүмкін болмапты. Тараптар бүгін ғана келісімге келіп, сатушылар өздері тұрғызған сауда орындарын бұзып жатыр.

Ержігіт Сәрсенбиев, компания өкілі:

- Кеше өздерінің тауарларының барлығын алып кетті. Бүгін тұрғын орындарын, бутиктерін бұзып жатыр. Павильондарын бұзып жатыр. Шығарып, барлығын алып кетіп жатыр.

«Саяхат» базарында 230 сауда нүктесі болған. Қала билігі «олардың бірін қалдырмай басқа аумаққа көшіреміз. Сатушыларға заманауи кешендерден орын бөлініп, тиісті жағдай жасаймыз» деп сендірді.

Мұхтар Тәжібаев, Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі:

- Жетісу ауданында 12 базар бар, Түрксіб ауданында «Түрксіб» және «Жетісу» деген базарлар бар. Сондай-ақ Алатау ауданында базарлар бар. Сол базарлардың басшыларымен кездесіп, оларда қандай бос орындар барын анықтап, сатушыларға айтқан.

Базар төңірегінде саудагерлермен қатар заңсыз таксистер де тұратын. Ал көшені кескестеген жолаушыдан көліктер, тіпті, жүруден қалған еді. Сондықтан қала басшылығы босаған орынға жаңа автобекет салуды жоспарлаған. Қазір жобаны қаржыландыратын инвесторлар іздестіріліп жатыр.

Ерлан Әділов, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- Әзірге инвесторлармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Жобаның нобайын әзірлеп, кетер шығынды есептеуге кірістік. «Саяхат» автобекеті барлық халықаралық талаптарға сай болатын орталыққа айналады.

Қазір бұрынғы бекет орнында шағын автостанция жұмыс істеп тұр. Ондағы қоғамдық көліктер жолаушыларды күн сайын 14 бағыт бойынша тасымалдайды. Арысы Шығыс Қазақстанға, берісі қала іргесіндегі Талғарға қатынайды. Алайда алыс жолға адам таситын автобустар әбден ескірген. Көбі сынған күйі тұрақта қаңталырылып тұр. Сондықтан қала билігі автобекетті жаңартқан кезде, тозған көліктерді де ауыстырып, бағыттардың санын көбейтпек.

Магомед Алероев, автобекеттің қаржы директоры:

- Қазір қала әкімдігі жер учаскелері иелерімен келіссөз жүргізіп жатыр. Қосымша учаскелер алынса, автобекет аумағы анағұрлым ұлғаяды. Жаңа ғимарат салынып, жолаушыларға арналған күту залы ашылады. Қосымша бағыттар ашу да жоспарда бар.  

«Саяхат» автобекетінің жаңа ғимараты салынған соң, төңірегі абаттандырылмақ. Әзірге мұның барлығы тек жоспар күйінде. Автобекеттің түрленер шағы уақыт еншісінде.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Валентин Лобанов, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы