353.64 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мұнайлы ауданында жел электр станциясы салынады

  • 165

Келер жылы Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында жел электр стансасы салынады.

EXPO жобасын жүзеге асыруға инвестор қаржысы жұмсалады. Қазір инновациялық құрылғылар орнатылатын аумақ белгіленіп жатыр. Аудан орталығы Батыр ауылдық округінде биыл қуаты 2 мегаваттық күн электр станциясы іске қосылған еді. Нәтижесінде орталық энергия тарату мекемесіне жүктеме азайып, жаңа жұмыс орындары ашылды.

Талғат Исламұлы, twitter@Talkin_84:

- Күннен қуат алатын мына құрылғылар Батыр ауылының шетіндегі электр станциясына жалғанған. Алмағайып станция тоқтаған жағдайда ақылды технология автоматты түрде желіден ажыратылады. Бұл өз кезегінде EXPO жобасының ұзақ мерзімде жұмыс жасауына оң ықпалын тигізеді.

Жоба құрылысына 1 млрд 200 млн теңге жұмсалды. Аумағы 36 гектар жерде 9 мыңға жуық күн панелі қаз-қатар қойылған. Өндірілген энергия бірден орталықтандырылған тоқ тарату желілеріне беріледі. Одан әрі елді мекендерге таралады. Мердігер мекеме ендігі жылы желден қуат алатын станса құрылысын бастайды.

Марат Үкібаев, мердігер мекеме өкілі:

Біз бұл жобамен шектелмейміз. Келер жылы осы Батыр ауылының орталығында бірнеше желден қуат алатын қондырғыларды қондырамыз. Мұнан кейін Мұнайлы ауданының орталығын осындай баламалы қуат көзімен қамтимыз деп ойлаймыз.

Күн батареялары айына бір рет дистильденген сумен жуылып тұрады. Өйткені таза панель электр қуатын мол өндіреді. Техникалық сұйықтық жергілікті энергетикалық комбинаттан сатып алынады. Қазір автономды құрылғылар жер деңгейінен 45 градуста тұр. Күн суыта келе күн панелдері 10 градусқа төмендетіледі.

Нұрлыбек Жолбаев, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары:

- Жеке инвесторлар есебінен салынуда. Бұл аудан халқы үшін көп пайдасы бар. Біріншіден, жұмыс орны. Екіншіден, салық төлеу мәселесі ауданға өсетін болады. Қазір ауданымыздың 7 адамы жұмыспен қамтылған. Болашақта тағы 10 адам аламыз деп жоспарлап отыр.

Бердіхан Қожаев, Батыр ауылдық округінің тұрғыны:

- Тоқ жүйесінің көп болғаны бәрімізге жақсы. Халыққа тиімді. Енді жел қуатын алатын станция салып берсе, өте жақсы болар еді. Адамдарға жұмыс табылады. Келешек тоқ тапшылығын көрмейміз деп сенеміз. Осыны жасап жатқан адамдарға көп рахмет.

Батыр ауылдық округінде 8 мыңдай халық тұрады. Ақтаудан 12 шақырым жерде елді мекен аумағы жыл санап ұлғайып келеді. Демек келешек энергия тапшылығының болмауына EXPO жобалары сеп болмақ.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы