352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сыр өңірінде 96 жастағы кейуана қолөнермен айналысады

  • 125

Еліміздегі ең егде қолөнер шеберінің бірі Сыр өңірінің Жалағаш ауданында тұрады.

Бүгінде 96 жасқа толған кейуана әлі күнге дейін түс киіз басып, кілем тоқудан қол үзген емес. Қос ғасыр куәгерінің ұзақ жасау сыры да еселі еңбектің арқасында.

Ақ жаулықты, алтын қолды Өтеш Тасжүрекқызы қолөнермен ертеден айналысты. Жүннен жіп иіріп, одан түрлі үй жасауларын тоқу арқылы кезінде тұрмыстық керек-жарақты қамтамасыз еткен. Тіпті соғыс жылдары сарбаздарға арнап қолғап, шұлық та дайындады. Табиғи таза дүниелердің бүгінде құны артпаса, сәні кеткен жоқ.

Өтеш Тасжүрекқызы, Еңбек ардагері:

Менің өзімнің әкем мен шешем іскер адам екен. Қанмен келген ғой. Жібінің бәрін иірдім соның. Екі кілем иірдім. Басқүрдың жібінің бәрін иірдім. Төрде екі бау бар, ақ түсті. Соны иіріп өзім тоқыдым. Қай нәрсеге де төзімділік керек қой. Мейлі бақша ек, мейлі үй тік. Содан анау күні шамалы қызанақтың ішіндегіні жұлып едім. Тұла бойым жеп-жеңіл болып, қара тер боп, жақсы боп кеттім. Еңбекқорлықтың пайдасы.

«Тоқсанның алтауына шықса да ширақ болуым, еңбектің арқасы»,- дейді әжей. Анамыз не істесе де өндіртіп жібереді деп перзенттері де мақтан тұтады. Расында қара шаңырақтағы бау-бақшаның жайқала өсуі батыр ананың жұмсақ алақаны мен шексіз мейірімінен болса керек. Тіпті ауладан Сыр өңіріне жерсіне қоймайтын жаңғақ ағашын көріп, біз де таңданысымызды жасыра алмадық.

Тайжан Маханов, Мәдениет ауылының тұрғыны:

- Мына жаңғақ енді ол грек жаңғағы, үлкен жаңғақ дейді. Бұл жерлерде өсе бермейді енді бұл. Осы анамыздың еңбегі өзінің. 30 жылдан асты еккеніне. Осыны баптап өсіріп, қарағанның арқасында шығып тұр. Осы екінші жыл салуы. Кәдімгі базардағы сатып тұрған жаңғақтар артық болмаса, кем емес.

Өтеш Тасжүрекқызы 11 құрсақ көтерді. Бүгінде ұрпағы кең қанат жайып, немере мен шөберенің қызығын көріп отырған жайы бар. Өнері мен өсиетін өскелең жасқа үйретуден жалықпайтын қолөнер шеберін жергілікті ұйымдар түрлі шараларға құрметті қонақ ретінде шақырады екен. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген осы болар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы