359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде 5 тұрғын үй апатты жағдайда тұр

  • 104

Ақтөбеде 5 үй апатты жағдайда тұр. Арнайы құрылған комиссия «бұл үйлерде тұру қауіпті» деген қорытынды жасаған.

Жалпы қалада 300-ге жуық ескі үй бар. Жақында сондай бір үйдің проблемасы шешілді. Ірі құрылыс компаниясы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде ескі үйдің орнына жаңасын тұрғызатын болды. Қала билігі апатты жағдайдағы барлық үйді жеке компанияларға беруге дайын.

Чекалин атындағы көшедегі 5 үй өткен ғасырдың орта тұсында салынған. 2 қабатты шағын үйлерде 8 пәтерден бар. Ескі үйлердің құбырлары шіріп, шатырдан су ағып тұр. Комиссия апатты жағдайда деп жариялағаннан кейін қала әкімдігі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы баспана алуды ұсыныпты. Зейнеткерлердің көбі бұл ұсынысты қабылдамай отыр. «Несиені төлей алмаймыз» деп қорқады.

Айман Жарасова, қала тұрғыны:

- Жаңа үй алып кетуге жағдайымыз жоқ. Әжетхана ортақ, канализация бірде жүріп, бірде жүрмейді. Ақбұлақтың құбырларын да екі жақтың адамдары бірігіп, өз күшімізбен салдық. Енді бізге өткенде ЖССБ-дан адамдар келді, акиматтан , застройщиктер келді. Пәтерлерді бағалады. 1 млн теңгенің үстінен бағалады әр пәтерді. Бір жетпейтін ақшаға кредитке кіргіміз келмейді. Бізге ең болмаса, полуторка орнына полуторка, екі бөлме орнына екі бөлме берсе дейміз, екінші нарықтан болса да. Соған келісеміз.

Роза Сариева, қала тұрғыны:

- Төбемізден жаңбыр жауған кезде су кетеді, соны жамаймыз. Ағаштар төбемізге түскен кездер болды. Оны да жинап жүреміз. Бұл жерде жағдайы бар отбасылары көп емес, көбісі зйенеткерлер, көп балалылар, қолдан келгенше жоғарыда отырғандардан көмек сұраймыз.

Қала билігі ескі үйлерді жоюдың бірнеше механизмін қарастырыпты. Яғни, қаланың орталығында жаңа үй салғысы келетін компаниялар ескі үйлерді сатып алуына болады. Ол кезде пәтер иелеріне баспананың ақшасы немесе жаңа пәтер ұсынылады. Қазір құрылыс компанияларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Ақнұр Қазыбаева, қалалық тұрғын үй инспекциясы жетекшісінің міндетін атқарушы:

- Сонымен қатар біз қала әкімдігі жанында жекеменшік серіктестік бойынша жұмыс істеп отырмыз. Осы қаламыздың ірі-ірі компанияларды шақырып, сол компанияларға осы үйлерді сатып алуға ұсыныс беріп отырмыз. Олар осы үйлерді бұзып, жаңадан көп пәтерлі үй тұрғызады. Немесе осы қаланың жақсы ауданынан жер тілімін береміз мердігерлерге.

Мердігерлер табылса, ескі үйлердің орнында жаңа көп қабатты үйлер бой көтереді. Әзірге бір компания бір үйді ғана сатып алып, құрылыс жұмыстарына кіріскелі жатыр.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы