356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанада 2 мыңға жуық адам заңды баспаналарына қол жеткізе алмай жүр

  • 204

Елордадағы «Жағалау» және «Шығыс» тұрғын үй кешендерінің құрылыстары тұралап, 6 жылдан бері ешқандай жұмыс жүргізілмеген.

Сабыры сарқылып, төзімі таусылған тұрғындар мәселенің мән-жайын білу үшін құрылыс жұмыстарына жауапты компания өкілдерімен кездесіп, өз өкпе-наздарын жеткізді.

Наталья Фурцева «Шығыс» тұрғын үй кешеніндегі пәтеріне осыдан бір ай бұрын көшіп келген. Алайда құрылысы аяқталмаған үйде тұру отбасы мүшелеріне, нақты айтқанда, балаларға өте қауіпті. Жеделсатының орнатылмағаны былай тұрсын, мында баспалдақтардың таяныштары да жоқ.

Наталья Фурцева, үлескер:

Әжетхана, жуынатын бөлме іске қосылмаған. Үйімізде су да жоқ. Балаларыма тамақ пісіріп, үй жинап, адам сияқты өмір сүруге еш мүмкіндік жоқ. Осы пәтерді алты жыл бойы күтіп едік. Енді, мына жағдайымызға қараңызшы?!

Ал кейбір үлескерлердің жағдайы тіпті мүшкіл. Пәтер құны толықтай өтелсе де, үйдің іргетасы әлі қаланбаған. Құрылыс жұмыстары 2013 жылы экономикалық ахуалдың нашарлауына байланысты тоқтап қалса керек. Содан бері екі мыңға жуық адам «Жағалау» және «Шығыс» кешендеріндегі шаршы метрлеріне қол жеткізе алмай дал.

Айнаш Тасжанова, үлескер:

- Мен 2013 жылы «Шығысқа» 12 млн 100% ақша салғанмын. Екі бөлмелі пәтерге. Менің келісімшартымда 2015 жылы шілдеде аласың деген қағаз болған. Бұл кісілердің қабырғасы салынған үйлері дайын ғой. Менде тіпті іргетасы да жоқ. Әр сенбі-жексенбі сайын барып қарап кетемін, іргетасын көтерді ме екен деп.

Құрылысы тұралап қалған кейбір үйлерге мемлекет қолдау көрсеткені белгілі. Ол үшін проблемалық нысандарды біржақты шешу мақсатында республикалық бюджеттен 40 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Алайда «Жағалау» және «Шығыс» кешендеріндегі құрылыс жұмыстарынде өзгеріс байқалмайды. Белгілі болғандай, жауапты компания мердігермен келісімшарт жасамаған.

Уалихан Досаев, «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС директоры:

Компания тарапынан шамамен 15-16 шақты ескерту жасалды. Құрылыс жұмыстары мен бухгалтерия қызметіне байланысты бірнеше ескертулер бар. Айтылған мәселелердің барлығын қарастырып, түзету керек. Сондай жағдайда ғана құжаттар реттеліп, келісім жасалады. Себебі Үкімет бөлген қаржы қайтарылуы тиіс.

Үлескерлер мердігер компания басшылығына күнде жолыққанымен, түйткілдің түйіні тарқамай тұр. Ал мердігер компанияның басшылығы қолдан келгенін жасап жатырмыз деп өз уәжін жеткізді. Бұл жоба 12 проблемалық нысанның ең ірісі, оның құны – 17 млрд теңге.

Сергей Котляров, мердігер компания басшысы:

Қазір осы жоба бойынша сараптама жүргізіліп, тиісті келісім жасалып жатыр. Осы бір жобаның ішінде 6 нысан болғандықтан, барлық құжаттар егжей-тегжейлі тексеріледі. Жұмыс өте көп. Ескертулер мен кемшіліктер де жақын арада жойылады. Алдағы аптада келісімшарт толықтай  қол қоюға дайын болады.

Бүгінде бұл үйлер қысқы маусымға  дайын емес. Пәтерлерде су және жылу жүйелері мүлде жоқ.

Данияр Әбенов, үлескер:

Біздің үй жылу қабылдауға 50% дайын, бірақ жылу магистралі іске қосылған жоқ. Осы мәселенің шешімін таба алмай жүргенімізге бір жыл болды. Барлық тұрғындар барынша белсенділік танытып жүр, себебі жылыту маусымына қазірден дайындалуымыз керек.

Ендігі кезекте мердігер компания сөзден іске көшіп, құрылыс жұмыстарын жоспарға сай аяқтауы тиіс.

Автор: Ербол Даиров

Хабар 24 телеарнасы