352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістандық жас кәсіпкер ерекше жобаны қолға алды

  • 254
Түркістандық жас кәсіпкер ерекше жобаны қолға алды

Түркістандық жас кәсіпкер ерекше жобаны қолға алып, жүзеге асыруда.

Исламбек Жандар осыдан екі жыл бұрын Қытайға оқуға барып, автокөлікке қажетті бөлшектерді құрастыруды үйреніп келген. Қазір арнайы құрылғыны өзі сатып алып, автокөлікке қажетті түрлі тазартқыштың 280-нен астам түрін шығарады.

Исламбектің шағын ғана цехында барлық қажетті құрылғылары орналасқан. Бұнда тәулігіне мыңға жуық дана өнім шығарылады. Жеңіл көліктен бастап, ауыр техникаға дейінгі барлық автокөлікке қажетті тазартқыштың 280 түрі осында жасалады. Бағасы қолжетімді болғандықтан, тапсырыс та көп. Қажетті шикізаттың 80%-ы отандық өнім. Тек арнайы қағазды ғана Қытайдан әкеледі. Алғашында Қытайға білім іздеп барған Исламбекті оқудан гөрі инновациялық жобалар қатты қызықтырады. Жаңа технологияның тілін меңгеріп, өз кәсібін ашуды армандайды.

Исламбек Жандар, жас кәсіпкер:

- Өзім автомобильге қызығатындықтан, автобөлшекке қызықтым. Автобөлшектің ішінде бізде, Қазақстанда жоқ өнімді іздедім. Негізінен бізде жоқ өнімді таптым. Болашақта ішіндегі қағазын да өзімізде шығаруды көздеп отырмыз. Осы желтоқсан айына дейін 20 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз.

Исламбек биыл кәсібін дамыту үшін «Жас кәсіпкер» бағдарламасына қатысып, арнайы грантты ұтып алды. Қазір шағын цехта 8 адам жұмыс істейді. Олар бір айда ауа, май, бензин тазартқыштың 25 мың данасын шығарады. Өткен жылы мемлекеттік қаржы ұйымы арқылы Түркістан облысында 10 кәсіпкер қаржыландырылған. Олардың екеуі Түркістан қаласына тиесілі.

Рауан Бейсейітов, қаржы ұйымының аумақтық менеджері:

- Облыстың 14 ауданы болатын болса, солардың барлығынан өтініш қабылданады. Ол өтініштерді 3 басқарма қарап, өздері шешім қабылдайды.

Жалпы жыл басынан бері Түркістан қаласында осы ұйым арқылы 25 жоба қаржыландырылған. Енді жыл соңына дейін тағы 8 жобаға қаржы бөлінеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы