352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астананың билік өкілдері жаңбырдың салдарына байланысты халықтан кешірім сұрады

  • 106

Астананы су баспаса екен деп едік. Қала билігі де жауыннан кейін шаһарда болған қолайсыздықтарға байланысты халықтан кешірім сұрады.

Алайда белуардан су кешіп, көлігі тұрып қалған жүргізушілерге ешқандай өтемақы бермейді. Бұл туралы Астана қаласы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхамбетов мәлімдеді. Оның айтуынша, су алған көшелерге белгі қойылып, жүргізушілерге онда кірмеу туралы ескерту берілген. Кеңеске құлақ аспағандар жауапкершілікті өзіне алады. Ал әкімдік кәріз жүйесіндегі кемшіліктердің орнын толтыруға күш салмақ. «Қазгидрометтің» мәліметіне қарағанда 20 тамыз бен 21 тамыз аралығында Астанада жауын-шашын бір айлық нормадан 40 пайызға артық түскен. Осының салдарынан арықтар толып, жауын суын қабылдауы тиіс техникалар үлгермей Нәжімеденов, Тәуелсіздік, Момышұлы көшелерін су алған.

Қосман Айтмұхамбетов, Астана қаласы әкімінің орынбасары:

- 2019 жылы төрт тазарту жүйесін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Олар Өндіріс, Жаңа темір жол вокзалы, Тельман тұрғын алабы мен Шәкәрім Құдайбердіұлы көшесінің бойында орналасады. Сондай-ақ Жастар және Ақбұлақ шағын ауданындағы су сору жүйесін қайта жаңғырту жүргізіледі. Бұл жұмыстар 2020 жылы аяқталуы тиіс. Соның салдарынан су тоғанының ауданы 19 мың текше метрге жетеді. Дегенмен, осы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңын пайдаланып, өткен күндері жіберген олқылықтарымыз үшін тұрғындардан кешірім сұрағым келеді.

Хабар 24 телеарнасы