352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Көкшетау тұрғындары толассыз жауыннан әбігерге түсті

  • 117

Екі күн бойы елордалықтарды шыр айналдырған ақ жауын көкшетаулықтарды да әбден әбігерге салды. Қаланың кейбір көшелерінде жаңбыр суынан көлік қозғалысы қиындаса, көптеген жеке үйлердің аулалары мен жертөлелеріне су кірген.

Тіпті кейбір аудандарда жарық желілеріне де әсер еткен.

Үйін жақында ғана жөндеген Алена Видовская екі күн бойы бөлмелерден осылай су шығарып әлек. Түні бойы көз ілмепті. Айтуынша, коммуналдық қызметке бірнеше рет хабарласқан. Алайда әлі көмек жоқ.

Алена Видовская, қала тұрғыны:

- Көршілерімізде де осындай жағдай. Ауру әйелі бар. Кішкентай балаларын аяйсың. Түнгі сағат 1-ден бері осылай су шығарып жүрміз бәріміз. 

Жалпы халық арасында «Собачий хутор» атанып кеткен бұл шағын ауданда көптеген үйге су кірген. Себеб, олар төмен жерде орналасқан. Оның үстіне үйлердің іргетасы да биік емес. Бірақ тұрғындар судың кіруі жолдың жоқтығынан дейді.

Есболат Төлегенов, қала тұрғыны:

- Жолды істесе, әрине мұндай болмас еді. Не асфальт төсеп, суағарларын жасап, су кете берер еді сонымен. Оны істемесе, міне жұрттың жиһаздарының бәрі бүлінді, жарамай қалды. 

Аталған шағын ауданнан бөлек Застанционный елді мекенін де су басқан. Сонымен қатар қалада Сайын, Сәтпаев, Мир көшелеріндегі кейбір үйлерге де жаңбыр суы кірген. Жалпы қанша баспана зардап шеккені әзірге нақты белгісіз. Дегенмен, жаңбыр басталғалы бері су соратын коммуналдық мекемеге 500-ден астам қоңырау келіп түскен.

Марат Бейсенбаев, коммуналдық мекеменің бас инженері:

- Біз кешеден бері жұмыс істеп жатырмыз. Негізінен мынау жеке секторды істеп жатырмыз. Су көп. Бүкіл халыққа бәріне көмектесіп жатырмыз. Мінеки бүкіл заявкаларды бүгін енді жабамыз. Техника жетіп жатыр пока. Дополнительно тағы да техника шығарып жатырмыз.

Мырзабек Мырзахметов, қала әкімінің кеңесшісі:

- Зардап шеккен тұрғындарға өтемақы төтенше жағдайлар бөлімі жасаған акті мен тұрғындардың өздері жазған арыздың негізінде 30 айлық есептік көрсеткіш шамасында төленеді. Ал «Собачий хутор» шағын ауданының жөндеу жұмыстарына келер болсақ, ол маңайдан Ғабдуллин көшесі өтіп жатыр. Ол көше келешекте даңғыл болады. Яғни сол маңда суағар бәрі салынады. Бірақ түбінде аталған үйлерді сүріп, жекеменшік құрылыс компанияларының көмегімен көп қабатты үйлер тұрғызамыз.

Бүгін Көкшетауда күн ашық. Алайда апта соңына қарай тағы да жауын екен. Сондықтан жаңбыр суынан зардап шеккен халық баспанамызды тездетіп құрғатпасақ алдағы жауын-шашын жығылған үстіне жұдырық бола ма деп қорқады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы