352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралда 50 көше жөнделеді

  • 108
Оралда 50 көше жөнделеді

Биыл Орал қаласында жалпы ұзындығы 50 шақырым болатын 50 көше жөнделеді.

Олардың қатарында екінші жұмысшы шағын ауданы да бар. Бұрын тұтас ауданда бір ғана көшеде асфальт төселсе, биыл бірден бесеуі жөнделеді. Әсіресе мектеп пен балабақша жолы жақсарды. Мәселен, №16 мектептің шәкірттері бұрын көктем мен күздің лайсаңында оқу орнына батпақ кешіп әрең жететін. Енді ол қиындық артта қалды. Жалпы облыс орталығында жыл соңына дейін 23 әлеуметтік нысанға асфальт жол салынады. Олардың қатарында 2 жоғары оқу орны, 4 колледж, 7 мектеп, 6 балабақша, бірнеше емхана мен қарттар үйі, жас натуралистер стансасы бар. 

Айгүл Сарбаева, №16 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

- Бұрынғы кезде біздің жолымыз нашар болды. Жаңбыр жауғанда су жиналып, балалар шұңқырдан өте алмайтын. Қазіргі кезде жол дұрысталды. Балалар атынан, ата-аналар атынан көп рақметімізді айтамыз.

Анвар Агаев, құрылыс компаниясының басшысы:

- Біз 3 көшені жөндеп жатырмыз. Осы көшелердің бойында 3 мектеп пен бір балабақша орналасқан. Жоба бойынша құрылысты 30 қыркүйекте аяқтауға тиіспіз. Бірақ бұл жерде білім беру нысандары болғандықтан, алдымызда Білім күніне дейін жолды салып бітіру міндеті тұр.

Хабар 24 телеарнасы