352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанада дауларды сотқа жеткізбестен шешу туралы 16 мыңнан астам өтініш түсті

  • 239
Астанада дауларды сотқа жеткізбестен шешу туралы 16 мыңнан астам өтініш түсті

Биыл 6 айдың өзінде дау-дамайды сотқа жеткізбестен медиациялық жолмен шешу үшін 16 мыңнан аса өтініш келіп түскен.

Нәтижесінде мамандар 6 мыңға жуық істі кеңес беру сатысында шешіп, қалған өтініштер бойынша медиативтік келісім жасасқан. Бұл іске Қазақстан халқы Ассамблеясы белсене араласып жүр. Ассамблеяның еліміздің түкпір-түкпірінде 907 медиация кеңселері жұмыс істейді. Бүгінде онда еңбек ететін кәсіби емес медиаторлардың саны соңғы 2 жылда 3 есеге артып, 3 мыңнан асты. Олар жиі біліктілігін арттыру курстарынан өтіп тұрады. Себебі соңғы жылдары елімізде мұндай мамандарға сұраныс артып келеді. Бірақ жергілікті жерлерде медиация институты тиісінше дамып жатқан жоқ.

Құрман Бисеғалиев, БҚО Ақжайық ауданының кәсіби емес медиаторы:

- Жергілікті жерде яғни ауылдарда бұл медиация әлі дамымай жатыр. Оның дамымау себебі ішкі істер органдарының бұған жиі араласатындығы. Істі болған адамды полицейлер өзінің қарамағына алады да оны Ішкі істер органдарына өткізеді. Тергеушілер барлық мәселелерді анықтағаннан кейін сотқа келеді.

Леонид Прокопенко, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары:

- Бірнеше айға созылатын сот процесіне қарағанда істі медиативтік жолмен шешуге сәл ғана уақыт кетеді. Әрі артық шығын шықпайды. Яғни адвокаттарды жалдап, қымбат сараптамаларды жүргізудің қажеті жоқ. Ең бастысы, медиативтік келісім тараптардың өзара түсіністікке келуіне негізделген. Ал егер іс сотта қаралатын болса, онда бір тарап жеңеді, екіншісі жеңіледі. Осылайша медиация институты қоғамдық сананы жаңғыртуға ықпал етеді.

Хабар 24 телеарнасы