352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ана мен бала денсаулығын қорғау бойынша 112 әлеуметтік жоба іске асырылды

  • 204

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті.

Отырысты ашқан Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» деген сөзіне баса назар аударды.

Мемлекеттік хатшы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» қоғамдық сананы жаңғыртуға және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтті. Бұл тұрғыда өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік қасиеттерін дамыту және олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, сонымен қатар азаматтардың репродуктивті денсаулығын қорғау мәселелері ерекше мәнге ие болып отыр.

Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес, Қазақстанда балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін институционалдық негіз қалыптастырылған. 15 халықаралық құжат ратификацияланды, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты, Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, өмірлік қиын жағдайдағы балаларға қолдау көрсету орталықтары жұмыс істеуде.

Пилоттық жоба ретінде 71 білім беру ұйымында «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының интеграциялау моделі жүзеге асырылуда. Бас прокуратурамен бірлесе отырып, кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған «Балаларды бірге қорғаймыз» атты жол картасы іске асуда. Бүгінде мектептерде 8362 психолог, 4268 әлеуметтік педагог, 2177 полиция инспекторы жұмыс істейді.

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, Қазақстанның 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясаты тұжырымдамасын іске асыру мақсатымен азаматтардың репродуктивті денсаулығын нығайту және ана мен бала денсаулығын қорғау жөнінде жүйелі шаралар қабылдануда. Нәтижесінде, 2017 жылы ана өлімінің деңгейі 1,5 пайызға, балалар өлімі 7 пайызға төмендеді. Өңірлерде 60 үкіметтік емес ұйымның қатысуымен отбасын жоспарлау, ана мен бала денсаулығын қорғау бойынша 112 әлеуметтік жоба іске асырылды. 5 жасқа дейінгі балаларға патронаждық профилактикалық бақылау жүргізіліп, 600-ден астам балалар денсаулығы бөлмелері ұйымдастырылды. Жастар денсаулығының 81 орталығында 125 мыңнан аса адамға репродуктивтік денсаулықты сақтау мәселелері бойынша консультациялық, заң және медициналық-психологиялық көмек көрсетілді.

Отырыс соңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.

Ақпарат көзі: Ақорданың баспасөз қызметі

Хабар 24 телеарнасы