352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанадағы коммуналдық мекемелер күшейтілген тәртіптегі жұмысқа кірісті

  • 137

«Қазгидромет» мәліметтері бойынша алдағы 3 күн елордада жауын-шашынды болады.

Найзағай ойнап, бұршақ жаууы ықтимал. Сондықтан қаладағы коммуналдық мекемелер күшейтілген тәртіптегі жұмысқа кірісті. Барлығы 15 су сору станциясы, 110 тазартқыш көлік және басқа да техникалар сақадай сай тұр.

Таяуда ғана елордада болған нөсер кезінде 1 айлық мөлшердегі жауын-шашын түсті. Жаңбыр суының жиналатын жерлері былтыр 13 болса, биыл үшеуге дейін азайды. Бірақ өзекті мәселе толық шешімін тапқан жоқ.

Боранбай Болатбеков, «Астана-Тазалық» ЖШС директоры:

– Былтыр ғана 2 мың текше метрге арналған қосымша су сорғыш орнатқанбыз. Оған қоса, 650 текше метрге жететін қондырғылар бар. «Ақ бұлақ» өзенін тазартып қойдық. Басқалары да түгелдей дайын. Соңғы жаңбыр кезінде қаланың нөсер жиналатын кәріз жүйесі жақсы жұмыс істегенін көрдік.

Елордада жылжымалы су сорғыш станциялардың саны артты. Олардың қатары қосымша екеуімен толықтырылды. Ал коммуналдық мекемелердің 200-дей маманы тәулік бойы кезекшілікте тұр. 

Медет Алданов, нөсерге арналған кәріз жүйесінің маманы:

– Қала бойынша 100-ден аса техникамыз бар. Олар негізінен кәріз жүйелері жоқ учаскелерде жүр. Және жеке секторды тазалайды. Жұмысты күндіз-түні екі ауысым бойынша істейміз.

Шаһардағы тазарту қондырғылары бір тәулікте 215 мың текше метр су қабылдай алады. Жергілікті әкімдік басшылары проблемалы аймақтарды күн сайын аралап, жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр.

Құсман Айтмұхаметов, қала әкімінің орынбасары:

– Қалада жағдай тұрақты. 20-21 тамыз күндері жауған жаңбырдан кейін магистралді құбыр желілеріне телеинспекция жүргіздік. Барлығын тексеріп шықтық. Нөсерге толық дайынбыз. Коммуналдық мекемелер тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Себебі синоптиктер дабылды ескерту жариялады. Сондықтан осы сағаттарда жағдай біздің бақылауымызда.

Нөсер жиналатын кәріз жүйесін тиісті талапқа сәйкестендіру – қала әкімдігі алдында тұрған негізгі міндеттің бірі. Сондықтан жыл соңына дейін жаңа 2 тазартқыш станция салып, 7 су сору қондырғысын жөндеу жұмысын аяқтау керек.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Азиза Макулбаева, Марк Брюшко

Хабар 24 телеарнасы