356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да омарташылар Қытай нарығына шығуды көздейді

  • 270

Семіздікке шалыққандар тәттілерді азайтпаса да артық салмақтан арылар еді.

Ол үшін табиғи тәтті балға көшу керек. Бал демекші, Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында омарташылықпен айналысуға деген ынта жыл өткен сайын жоғарылап келеді. Қазір шаруашылықтар саны 130-дан асқан. Былтыр 230 тонна бал өнімі жиналса, биыл көрсеткішті 260 тоннаға жеткізу межеленіп отыр. Мемлекеттік қолдау да жыл сайын артып келеді. Сапалы өнімге көршілес Қытай елінің сұранысы жоғары. Былтыр 50 тонна бал сыртқа шығарылыпты.

Ағайынды үржарлық Жучоктардың шаруашылығында қазір науқан. Араларды бағып-қағу да оңай емес. Кәдімгі мал баққан сияқты бұлардың да өз жайлауы, күзеуі, қыстауы болады екен.

Бұл жерде 200-ге жуық ұяшық тұр. Әр ұяшықта 100 мыңға дейін ара болады екен. Оларды тек бір аналық басқарады. Енді мына ғажайыпты қараңыз. Мына жұмыскер ара тек қана 30-40 күн өмір сүреді. Осы қысқа ғұмырының ішінде ол тек 5 миллиграмм ғана бал өндіріп үлгереді екен. Яғни тамсана бір қасық балды ауызға салған кезде онда мыңдаған, миллиондаған араның үлесі бар екенін ұмытпаған ләзім.

Николай мен Владимир бұл кәсіпті әкелерінен үйренген. Негізі омарташылықты осыдан бір ғасыр бұрын Украинадан Барқытбел баурайына қоныс аударған арғы ата-бабалары бастапты. Енді қазір ара бағудың қыр-сырын өз балаларына үйретіп жүр.

Николай Жучок, омарташы:

- Міндетті түрде асылтұқымды араларды көбейтіп, шаруашылықтың дамуына терең мән бермесе, мол өнім аламын деу бос әуре. Қазір науқан кезі, Астанаға жәрмеңкеге баратын уақыт та таяп қалды. Елорда тұрғындарына тек үздік деген бал өнімдерінен 1 тонна апаруды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте әкімдіктің де көмегі көп.

Жучоктар отбасы соңғы жылдары асылтұқымды Карпат тұқымдас араларды бағады. Орта есеппен жылына 25-30 тоннадан өнім жинайды. Еңбек өнімділігін арттыру үшін шетелден арнайы бал сығатын қондырғы сатып алып, арнайы құтыларға құятын цех та ашыпты. Ендігі мәселе биылдан бастап Қытай нарығына шығу күрделенгенін айтады. Алайда жергілікті атқарушы билік өкілдері бұл түйткілдің түйіні тарқайтынын мәлімдеп отыр.

Анатолий Жучок, омарташы:

- Биыл біз шаруашылығымызды кеңейтіп, тағы да 500 ұя қостық. Елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға зор көңіл бөлініп жатқан тұста менің өтінішім – Қытайға барып өнімдерімізді саудалауға жағдай жасалса екен.

Тәуіржан Шоманов, Үржар аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі:

- Қытай Халық Республикасының бізге қойған ережесіне сәйкес жұмыстар жоғары деңгейде атқарылып жатыр. Бүгінгі күнде аудан жоғарыдағы омарташылар палатасымен тікелей жұмыс істеп отырмыз. Бұл жұмысты өзіміз қадағалауға алып, 2018 жылы 50-60 тоннадай Қытайға экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз.

Омарташылықпен айналысушыларға мемлекет тарапынан да көмек қарастырылған. Мәселен, өткен жылы аудан бойынша 11 миллион 600 мың теңге субсидия берілсе, биыл 20 миллион теңгеден асады деген болжам бар.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы