352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Семейліктер ядролық полигон құрбандарын еске алды

  • 278

2009 жылғы 30 қазанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының отырысында Қазақстан 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялауды ұсынды.

Бұл ұсыныс бірауыздан қолдау тауып, Семей ядролық полигонының жабылған күні әлемде ядролық қаруға қарсы күрес күніне айналып кетті. Жыл сайын Семейде бұл күн ерекше аталып өтеді.

Дәл қазір біз «Өлімнен де күшті» деп аталатын мемориалдық кешенде тұрмыз. Жылдағы дәстүр бойынша биыл да мыңдаған семейлік ескерткішке жиналып, «Бейбітшілік акциясына» қатысты.

Биылғы ерекшелік сол, кешен орналасқан аралдың атауы республикалық ономастикалық комиссия шешімімен «Бейбітшілік» деп өзгертілді. Бұрын бұл жер көнеше «Түйемойнақ», бертінірек «Полковничий», «Киров» деген атаулармен белгілі еді.

Қазақстан Президентінің 1991 жылғы 29 тамыздағы тарихи Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылғаны күллі әлемге аян. Осы күні қаладағы зиялы қауым, үлкен мен кіші, жас пен кәрі сол бір қасіретті күндерді еске алып, қасиетті болашаққа ізгі тілектерін арнайды. Биыл да ескерткішке гүл шоқтары қойылып, бір минут үнсіздік жарияланды. Мұнан кейін қала басшылығы, қоғам белсенділері сөз алып, күллі әлемді тыныштыққа шақырды.

Ілияс Дәуренұлы, жастар мәслихатының депутаты:

- Қазіргі жастар оның барлығын, яғни ядролық полигонның зардаптарын көрмеген болатын. Тек ғаламтордан, кітаптардан, тарихи кинолардан, суреттерден көргенбіз. Және де ол солай болып сақталады деген ойдамын. Біздің ел – бейбіт ел, оны барлық ел мойындаған. Барлық елдер бізден үлгі алып, ядролық қарудан босап, тек қана бейбіт өмірге қарай талпынса, сол кезде барлық елде тыныштық пен бақыт болады. Яғни барлығымыз бірге болсақ, барлығымыз мықты боламыз.

Амантай Доғалақов, Семей қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Бомбалардың атылғанын көру деген ол бір бөлек дүние. Күні бүгінге дейін көз алдымызда, оның бәрі біз үшін қарапйым өмір сияқты болып кеткен еді. Артынан қарасақ, бұл халыққа үлкен зардап әкелетін апат екен. Қазақ еліне тілейтінім, үлкен көшпен келе жатырмыз ғой. Көшімізді басқарып келе жатқан ұлы Президентіміз бар. Осы көш тоқтамай, ары қарай жүре берсе екен дейміз. Жылдан-жылға экономикамыз, әлеуметіміз, мәдениетіміз, басқа да салт-санамыз жаңарып, ары қарай жақсара берсе дейміз.

Жалпы аумағы 18 мың шаршы шақырым болатын бұрынғы Семей сынақ алаңын зерттеумен Ұлттық ядролық орталық мамандары 26 жылдан бері айналысып келеді. Израиль, Бельгия сияқты мемлекеттер емін-еркін сыйып кететін полигон аумағының әзірге тек жартысы зерттелсе, қалған жұмыстарды 2021 жылға дейін толық аяқтау көзделген.

Авторы: Болат Көкенайұлы

Хабар 24 телеарнасы