352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарлық «Ертіс өңірі» іздестіру жасағы Ресейден оралды

  • 99
Павлодарлық «Ертіс өңірі» іздестіру жасағы Ресейден оралды

Павлодарлық «Ертіс өңірі» іздестіру жасағының сарбаздары Ресейдің  Новгород облысынан оралды.

Мясной бор ауылының аумағында өткен халықаралық экспедицияға Қазақстан, Қырғызстан, Белорусь, Молдова, Тәжікстан, Өзбекстан және Эстонияның отрядтары қатысты. Екі жарым аптаға созылған экспедиция барысында 600-ге жуық адам 1942 жылы болған кескілескен ұрыста ерлік көрсеткен мыңдаған сарбаздың жолымен жүріп өтті. Жасақтар 20 шаршы шақырымдық жерді тексеріп, барлау жұмыстарын жүргізді. Бұл жерде 59-шы және Екінші екпінді әскердің солдаттары Отан үшін қаза тапқаны тарихтан белгілі. Қанды ұрыстарға қатысқандардың қатарында Павлодар, Петропавл, Ақмола облыстарында құрылған атқыштар дивизиялары болған. Нәтижесінде 190 Ұлы Отан соғысы қатысушысының сүйегін қайта жерледі. Өкінішке қарай, көбінің аты жөндері анықталмады. Тек 11 жауынгердің жеке заттарынан есім-сойлары танылды. Қазіргі таңда ерлікпен қаза тапқандардың туыстары іздестіріліп жатыр.  Бір анығы, олардың барлығы кеңестік әскерилер. Экспедиция барысында павлодарлық отряд өкілдері молдовалық әріптестерімен бірге жеті адам жерленген санитарлық моланы тауыпты.

Марат Әменов, іздестіру қозғалысының ардагері:

- Санитарлық зират Кузино ауылының аумағынан табылды. Біз жеті солдаттың сүйегін көтеріп, қайта жерледік. Өкінішке орай, аты-жөндері белгісіз болып шықты. Бірақ жеке заттары мен түймелерінен олардың Кеңес әскерилеріне тиесілі екенін айдан анық.

Хабар 24 телеарнасы