352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда алдағы үш жылда 37 жатақхана салынады

  • 172

1 қыркүйек Білім күніне санаулы күн қалды.

Жаңа оқу жылына еліміздің мектептерімен қатар университет, институттар да қызу дайындық үстінде. Қазақстандағы әрбір үшінші жоғары оқу орны орналасқан Алматы қаласында студенттерді жатақханамен қамту мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Әсемай Шапхатова – Алматыға арман қуып келген жастардың бірі. 11 сыныпты үздік аяқтаған ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне грантқа түскен. Ата-анасымен ақылдаса келе жатақханада тұруды шешіпті. 

Әсемай Шапхатова, 1 курс студенті:

- Мен Қабылдау комиссиясына өтініш тастаған болатынмын. Атырау өңірінен бүгін келіп, өзімнің деканнан рұқсатымды алып, құжаттарымды жинап, қазір орналасып жатырмын.

Бүгінгі таңда Алматы қаласында орналасқан 38 жоғары оқу орнында шамамен 140 мыңға жуық студент оқиды. Оның тең жартысынан астамы өзге өңірлерден келген жастар. Ал қаладағы 93 студенттік жатақханада 30 мыңға жуық қана орын бар. Сондықтан Әсемай секілді барлық студентке жайлы бөлмеден орын тие бермейді.

Шыңғыс Бескемпіров, қалалық Жастар саясаты басқармасының басшысы:  

- Негізінен мұқтаждық үлкен университеттерде көбірек. Себебі өзге өңірлерден келетін балалардың саны жыл сайын артып келеді.

Жалпы, жатақхана тапшылығын әр университет өзінің қаржылық жағдайына қарай шешіп отыр. Мысалы, Еуразиялық технологиялық университет қолданыстағы ғимаратты қайта жаңартқан. Ал Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті 400 орындық жаңа жатақхана салып, 1 қыркүйекке дайын отыр. Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық универсиеті де жақын күндері 600 орындық жатақхананың құрылысын аяқтап, тапшылықты біраз азайтуды жоспарлап отыр. Орталық Азия университеті де жаңа жатқхананы пайдалуға беруді көздеп отыр.

Нұрлан Темірбеков, Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің ректоры:

-1500-дей студент күндізгі бөлімде оқиды. Жатақханадағы орын 500-ге жақындады. Жаңа жатақхана салынуына байланысты қажеттілік толық өтеліп отыр.

Жанар Темірбекова, Еуразиялық технологиялық университеттің ректоры:

- Біздің университеттің жатақхана керек деген балаларының бәрі толық жатақханалармен қамтамасыз етілетін болады. Одан бөлек артылған орындар болса, бұрын бізге көмектескен университеттерге бос орындарымыздың санын беріп, ол жақтан да студент алуға дайынбыз.

Жалпы, Алматыда жатақханалардың құрылысына Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» тың серпін беріп отыр. Мысалы, алдағы үш жылда Алматыда 22 мың орындық 37 жатақхана салынатын болады. Жергілікті билік кейбір университтерге жер телімдерін бөліп, құрылыс алаңдарына жылу, су, электр энергиясы секілді инженерлік желілерді тартып көмектесіп отыр.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Валентин Лобанов, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы