356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысында үйі өртеніп кеткен көпбалалы отбасы көмекке мұқтаж

  • 161

Жаңа оқу жылы қарсаңында Қостанайда көпбалалы отбасының үйі өртеніп кетті.

Айтып келмейтін апат әп-сәтте дүние-мүлік, киім-кешек, тұрмыстық техниканың бәрін күлге айналдырған. Екі бөлмелі үйінің қаусаған қабырғасы мен шатыры ғана қалған шарасыз жандар енді көпшіліктен көмек сұрауға мәжбүр.

Күйелеш-күйелеш бірнеше күрте-шалбар, көйлек-көншік. «Өрттен қалған бар дүниеміз осы ғана», – дейді Кристина Батт. Бұл үйден биыл екі бала мектепке барады. Ал олардың қазір киім түгілі, қағаз-қаламы да жоқ.

Кристина Батт, зардап шегуші:

- Барлық керек-жарағын әзірлеп қойған едік. Ең сапалы деген киімдерді сатып алдық. Соның бәрі жанып кетті. Тіпті, балалардың ойыншығы да қалмады. Қалған заттарды қажетке жаратуға тырысып жатырмыз, бірақ одан нәтиже шығар түрі көрінбейді.

Отбасының төрт ұлы бар. Үлкендері жеті, алты, үш жаста, кенжесі алты айлық. Өрт шыққан кезде балалар анасымен серуендеп жүрген. Ал Отағасы Вадим жұмыста болған. Ұлдарын ауылдағы туыстарына жіберген ата-ана енді үйін қалпына келтіруге тырысып жатыр.

Вадим Батт, зардап шегуші:

- Жұмысы бастан асады. Үйдің қабырғаларын, төбелерін тазартып, жуу керек. Біздің қабырғамызға ең бататыны – балалардың жайы. Осында әкеліп, оқуға үйден бару үшін жоқ дегенде екі бөлмені жөндеп алсақ деп отырмыз.

Өрт электр тоғының қысқа тұйықталуынан тұтанған. «Апат әкелген материалдық шығын шаш етектен, оны есептеуге де мұрша жоқ», – дейді зардап шегушілер. Қайғылы жағдайға тап болған шаңыраққа қол ұшын созып жатқандар жетерлік. Оның сыртында күн сайын он шақты ерікті келіп көмектесуде. 

Виктор Королёв, қала тұрғыны:

- Достарыммен кеңесіп, қандай жәрдем көрсету керектігін ақылдастық. Мұндай сәтте қолдау қажет екені белгілі. Қолымыздан келген жақсылықтың бәрін жасаймыз.

Қазіргі таңда Кристинаның телефонына дамыл жоқ. Хабарласқан бейтаныс жандардың өзі жәрдемін ұсынып жатқанын айтады ол. Бар мүлкінен айырылған шаңырақ көмектің қандай түрінен де бас тартпақ емес.

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы