352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҚО-да Тайпақтың қарбыздарына сұраныс жоғары

  • 107

Тайпақ брендімен таныс болыңыз! Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданындағы бау-бақша шаруашылықтары егетін қарбыз осылай аталады.

Климаттық ерекшелігіне орай кештеу пісетін, алайда жергілікті тұрғындар сүйсініп жейтін бақша дақылы негізінен Алмалы ауылдық округінің аумағында өсіріледі. Онда қарбыз өсіруді отбасылық бизнеске айналдырған әулеттердің бірнеше буыны еңбек етеді.

Айта кетейік, бұл көкөніс бұрынғы Тайпақ ауданының аумағында егілетіндіктен, солай аталып кеткен. 

Орал өңірінде бау-бақша өнімдерінің дені кештеу піседі. Қауын мен қарбыз да солай. Мамырдың соңына қарай қаладағы базар сөрелерін оңтүстіктен жететін өнімдердің жаулайтыны рас. Дегенмен жұртшылық жергілікті бақша өнімдерін де асыға күтеді. Әсіресе осы Тайпақтың қарбызы аймақта аса танымал. Өйткені еш қоспасыз, табиғи жағдайда өсіп-өнетіндіктен, дәмі тіл үйіреді.  

Нұрлан Дәулетов, бау-бақша шаруашылығының басшысы:

- 2004-тен бастап салдым, осы уақытқа дейін жылда үзбей салып келе жатырмын. Сол еңбегіміздің жемісін көріп жатырмыз, сол еңбектің арқасы. Тайпақтың қарбызын қалыптастырдық деп ойлаймын.   

Қарбызды өсірудің қиындығы өз алдына, алқаптан жиналған дайын өнімді көлікке тиеудің де өз тәртібі бар. Мысалы, мен жігіттер жолдаған қарбызды кәдімгі кірпіш секілді қалап жатырмын.

Оңтүстік өнімдері демекші, жергілікті диқандарға бәсекелестікке төтеп беру оңай емес. «Дегенмен Алмалыдағы шаруашылықтар Атырау мен Оралдың дәл ортасында тұр. Бұл да өнімді өткізуге жақсы мүмкіндік», – дейді бақшашылар. Әр шаруашылық көктем мен күзде жүздеген жергілікті тұрғынды маусымдық жұмыстарға тартады.

Орынбасар Көшеков, Алмалы ауылының тұрғыны:

- Жылда осы Нұрлан деген ағама келіп көмектесемін, ауылдан жұмыс табылып, бос жатпаймыз. Көктемде егісіне көмектесеміз, күзде жинасуға көмектесеміз.

Батыс Қазақстан облысындағы елуден астам қарбыз шаруашылығының 40-ы Алмалы ауылдық округінің аумағында орналасқан. Бау-бақша алқаптарының жалпы көлемі 550 гектар.   Негізінен көлемі үлкен әрі тәтті қарбыздың сұрыптарын егетін шаруашылықтарға мемлекет тарапынан тыңайтқыштар жеңілдікпен беріледі. Әрі облыс орталығында өтетін жәрмеңкелер кезінде сауда орындары тегін ұсынылады.   

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы