352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ДДСҰ сарапшылары Өскемендегі «Ана мен бала» орталығының қызметіне оң баға берді

  • 98

Орталық Азиядағы ең үздік медициналық мекемелердің бірі Өскеменде орналасқан.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары Шығыс Қазақстан облыстық «Ана мен бала» орталығының қызмет сапасына осындай баға берді. Айта кету керек, орталықта бүгінде салмағы аз шақалақтарды өмір сүруге бейімдейтін жағдай жасалған. Сәйкесінше мамандардың да бұл тұрғыдағы тәжірибесі жоғары.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының бірі Ион Бологан соңғы 12 жылда Орталық Азияның барлық елдерін аралап шыққан. Мақсаты – босанған әйелдер мен олардың нәрестелерінің денсаулығын сақтауға бағытталған медициналық қызмет сапасымен танысу. Өскеменнің өзіне 8 рет келіпті. Сапарын саралай келе, шаһардағы «Ана мен бала» орталығына жоғары баға берді. 

Ион Бологан, ДДҰ перинаталдық күтім бойынша ұлттық кеңесшісі:

– Өскемендегі «Ана мен бала» орталығында Қазақстандағы және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымындағы барлық клиникалық хаттамалар мен ұсынымдар қатаң сақталып, жүйелі орындалып жатыр. Бұл мекемеде ана мен балаға жақсы күтім ғана емес, жалпы алғашқы көмек көрсету үшін барлық жағдай қарастырылған.

Жыл басынан бері облыста 5120 бала өмірге келген. Олардың ішінде шала туғандар мен салмағы төмен нәрестелердің саны – 332. Кішкене Маргарита да осылардың қатарында. Бұндай шараналарға бұрындары тек арнайы аппараттарға қосылған құрылғыда оқшаулап күтім жасалатын. Ал қазір «кенгуру» әдісі қолданылады. Яғни бала көбінесе ата-анасымен бірге.

Ксения Селянина:

– Балаңды бауырыңа басқаннан артық қандай бақыт бар. Мұндай сәтте жүрегім елжіреп кетеді. Ол да менің жылуымды, қолдауымды сезіп жатқанына сенемін.

Тіпті бүгінде жансақтау бөлімінде жатқан бөбектерге анасымен қатар әкесінің кіруіне де рұқсат етілген. Мәселен, Руслан өздігінен тыныстай алмай қалған қызы Милананың қасынан бір қадам алыстаған емес. Соны сезгендей нәрестенің де жағдайы жақсарып, көп ұзамай жасанды аппараттан ажыратылды. 

Руслан Сағалов, Милананың әкесі:

– Балаларға ең басты қажеттілік – әке-шешісінің қасында болғаны. Тәрбие деген нәресте туа салысымен басталады.

Бұл ойға мамандар да қосылады. Айтуларынша, ата-ана алақанынан артық күтім жоқ.

Айгүл Қалиева, ДДҰ стандарттарды енгізу бойынша халықаралық кеңесшісі (Қырғызстан)

– Дәрі-дәрмек пе әлде ананың жылуы ма? Жасанды қоспа дұрыс па әлде табиғат берген ананың ақ сүтін емізген жөн бе? Мінеки, айырмашылық қайда жатыр. Әкесі мен шешесінің иісін сезіп жатқан нәресте өмірге тез бейімделеді.

Өскемендегі «Ана мен бала» орталығының ұжымы заманға сай медициналық талап үрдісінен шығуға мүдделі. Мұндағы мамандар әлі де осы мақсатта шет елдерде білімдерін шыңдап, тәжірибелерін молайтуға ниетті.

Авторлары: Э.Ахметова. А.Төлепов

Хабар 24 телеарнасы