352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысында орақ науқаны кешеуілдеп тұр

  • 124

Қостанай облысында ауа райы орақ науқанына айтарлықтай кедергі келтіріп тұр.

Бүгінге дейін астықтың төрттен бірі де жиналмаған. Танаптар әзірге гектарына 10,5 центнерден өнім беріп жатыр. Күн ашық болса, өңір диқандарының тәулік ішінде 230 гектар алқапты оруға шамасы жетеді.

Ибраш Естаев басқаратын шаруашылық жылда 15 мың гектар алқапқа тұқым себеді. Соның 70 пайызға жуығы майлы дақылдардың үлесінде. Диқан биыл ауа райының шаруаға аса қолайлы болмағанын айтады. Жауын-шашын салдарынан орақты да кеш салды.

Ибраш Естаев, шаруашылық басшысы:

- Қатты бидайды әлі бастаған жоқпыз, бірақ қатты бидай 30-35 беріп қалуы мүмкін. Ал жұмсақ бидай 14-7-ден береді деп ойлаймыз. Тәжірибем солай дейді, кешеден бері арпаны орып жатырмыз, арпа гектарына 27-ден берді.

«Өткен күзде ылғал, қыста қар аз түсті. Көктемде жаңбыр мол жауғанымен, жаз аптапты болды. Мұның бәрі астық шығымына әсер етпей қоймайды», – дейді диқандар. Сондықтан астықтың сапасы туралы айтуға әлі ерте.

Қазіргі таңда аймақта 900 мың гектардан астам алқап орылып үлгірді. Бұл жалпы көлемнің 22 проценті. Егін жинауда оңтүстік өңір алда келеді. Мәселен, Жангелдин ауданында бидайдың 65 пайызы жиналған.

Жиын-терім науқанын ойдағыдай өткізу үшін бүгінде дейін жеңілдетілген бағамен 40 мың тонна дизельді отын жеткізілген.  Жанар-жағармай жағынан мәселе жоқ. Облыста астық сақтауға рұқсат алған 43 кәсіпорын жұмыс істеп тұр.

Нұрсұлтан Қабделов, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бас маманы:

- Одан басқа 4,1 млн тоннаға жуық астық қоймалар бар, жалпы алғанда көлем 7,8 млн тонна, облыс бойынша астық сақтау қоймалары бар және ол жиналған өнімді сақтауға толықтай жеткілікті.

Егін жинауға бүгінде тоғыз жарым мың комбайн жұмылдырылған. Өңір диқандары биыл да 5 млн тоннадан артық астықты қамбаға құямыз деп жоспарлап отыр. Бастысы, ел ырыздығын ысырап етпей жинап алуға ауа райы мүмкіндік берсе болғаны.

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров

Хабар 24 телеарнасы