361.94 431.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

СҚО-да егін оруға 18 мыңнан астам техника жұмылдырылады

  • 71

Солтүстік Қазақстан облысында егін орағы қызу жүріп жатыр.

Ризығын жерден табатын диқандар науқанды қысқа мерзімде, ысырапсыз аяқтауды жоспарлап отыр. Биыл аймақта орақ науқанына 18 мыңнан астам техника жұмылдырылады.

Солтүстік Қазақстан облысында биыл да бидай бітік шықты. Қауантарлық жағдай. Бірақ диқандар ауа райының қолайсыздығына байланысты ораққа тамыз айының соңында кірісті. Себебі өңірде соңғы кездері толассыз жауған жауын көп болды. Жалпы үстіміздегі жылы көктемде шаруалар 4,2 миллион гектар аумаққа ырыс дәнін сіңірген болатын. Ендігі мақсат – оны шашау шығармай жинап алу. Сондықтан дала төсінде техникалар жүйткіп жүр. Оның үстіне әр күнді тиімді пайдаланып қалу қажет. Ал астық түсімі гектарынан 14,2 центнерден айналып жатыр. Бұл әзірге басы ғана. Алда бұл көрсеткіш өзгеруі мүмкін. Жалпы айтқанда агроқұрылымдар маңызды науқанға тас-түйін дайын.

Жоспар бойынша солтүстікқазақстандық диқандар ел қамбасына 5 миллион тоннадан астам астық құюды жоспарлап отыр. Оған барлық жағдай бар. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі күні жалпы бидай алқабының 10 проценті құлатылып, 5 пайыздан астамы бастырылды. Ал сары алтынды сақтауға 6,6 миллион тонна болатын астық қабылдау орындары дайын. Сондай-ақ биыл Елбасы тапсырмасына орай ауыл шаруашылығы алқаптарын әртараптандыруға ерекше көңіл білінді. Яғни үстіміздегі жылы майлы дақылдар алқабы 1 миллион гектарға дейін ұлғайтылды. Өйткені өнімнің бұл түріне сұраныс артуда. Сөз соңында айта кетейін, биыл өңірдегі аргроқұрылымдар жалпы сомасы 14 миллиард теңгеге 900-ге жуық техника сатып алды.

Авторлары: Самат Қайырденұлы

Хабар 24 телеарнасы