363.61 436.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қисайған қазандық құбыры құлап тынды. Кім жауапты?

  • 119

Қарағанды облысына қарасты Ақтау кентіндегі қазандықтың бірінің құбыры құлады.

Абырой болғанда, апаттан ешкім зардап шеккен жоқ. Нысанды Теміртаудағы компанияның бірі осыдан екі жыл бұрын ғана орнатқан екен. Енді жергілікті тұрғындар қыстың көзі қырауда жылусыз қаламыз деп қорқып отыр.

Үй комитетінің төрайымы Алена Пеннер қазандық құбырының қисайып кеткенін айтып, екі ай бойы дабыл қаққан. Көмек сұрап жергілікті әкімдікке, прокуратураға бірнеше мәрте хат жолдағанмен, мардымды жауап болмапты. Ақыры құбыр құлап тынды.

Алена Пеннер, үй комитетінің төрайымы:

– Осыдан екі жыл бұрын ғана орнатылған бұл қазандықтың кепілдік мерзімі санаулы күндерден соң аяқталады. Одан кейін жауапты компанияның орнын сипап қаламыз ба деп қорқамыз. Құбырды сатып алу, кран жалдау үшін қыруар қаржы керек. Оны табысы төмен тұрғындардың қалтасы көтермейді. Жылу маусымы тоқтайтын 5 ай ішінде аула сыпырушы мен слесарьдың жалақысын төлеу үшін 500 теңгенің өзін әзер жинаймыз.

Қазандықты орнатқан компания басшысы тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ екенін, алдағы апта ішінде жаңасын қойып беретіндерін айтып отыр. Келесі құбырдың сапалы болатынына кепілдік береді. 

Алексей Муравьев, қазандық жасайтын кәсіпорын директоры:

– Тапсырыс беріп қойғанбыз, жасап жатыр. Келесі аптада дайын болады. Менің білуімше, дәл осы қазандыққа жақында өзге фирма екінші пеш қояды. Солардың техникасын пайдаланып, құбырды орнатып береміз.

Жалпы 8 мыңға жетер-жетпес тұрғыны бар шағын ғана Ақтау кентінде қазір 17 қазандық бар. Оның 8-і тұрғын үйді, қалғаны әлеуметтік нысандарды жылытады. «Бірақ көпшілігінде пеші тозған, қысқа мүлдем дайын емес», – дейді тұрғындар.

Асқарбек Қараке, үй комитетінің төрағасы:

– Көбісі шіріп тұр. Кепілдік 5 жыл болған. Ал бұған жетінші жыл болды. Енді ауыстырайық десек, ақша жоқ деп отыр. Ешқандай көмек жоқ. Қыс ішінде жарылып қалса, қаншама халық далада қалуы мүмкін. Қалай шығатынымызды білмеймін. Қысқа дайын емеспіз, сөздің шыны керек.

Осындағы көнекөз қариялардың айтуынша, тоқырау жылдары елді мекеннің тоз-тозы шығып, орталықтандырылған жылыту жүйесі тоқтаған. Жұрт үдере көшіп, қаншама үй қаңырап бос қалды. Тек кейінгі жылдары ғана кенттегі цемент зауыты әлеуметтік көмек ретінде бірнеше қазандық салып берген. Бірақ олардың ешбірі де осы күнге дейін заңды түрде тіркелмеген. Әр үйде бір қожайын. Осыны реттеп, ортақ пәтер иелерінің кооперативін құру мәселесі көтерілгенмен, әлі шешілмей отыр.

Тимуржан Ақыбаев, Ақтау кентінің әкімі:

– Біз бұл бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Пәтер иелерінің кооперативін құруымыз керек. Қазір жауапты істі қолға алатын компанияны іздестірудеміз. Әзірге іргелес жатқан шағын қалалардың тәжірибесін зерттеп жатырмыз.

Әкімнің айтуынша, ортақ кооператив құрылса, жұмыс жолға қойылады. Ал орталықтандырылған жылыту жүйесін іске қосу мүмкін емес. Себебі ол экономикалық жағынан тиімсіз. Тарифтің өсуіне әкеліп соғады. Сондықтан қолда бар дүниені ұқсатуға тура келеді, – дейді жергілікті билік өкілдері.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Әсет Асайынов

Хабар 24 телеарнасы