363.61 436.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде шағын медициналық мекемелерге басымдық берілмек

  • 231

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатын емхана ретінде пайдалану қажеттігін айтты.

Бұл ауылдағы жеке тұрғын үйлерге де қатысты. Оған қаражат жеке кәсіпкерлер есебінен тартылмақ. Үкімет басшысының айтуынша, ауыл халқы әлі де сапалы медициналық қызметке қол жеткізе алмай отыр.

Алғашқы медициналық санитарлық көмекті арттырғанда ғана халықтың денсаулығын жақсартуға болады. Бұл қызметті көрсететін мекеме тұрғын үйлер мен жұртшылықтың жұмыс істейтін жерінен алыс болмау қажет. Елжан Біртановтың айтуынша, бүгінде бір дәрігерге 2 мыңға жуық адамнан келеді. Әлі де болса алғашқы медициналық көмек көрсететін 1531 бөлім ашу қажет.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Өңірлердің ішінде жүктемесі жоғары Қостанай, Павлодар Солтүстік Қазақстан және Астана қаласында байқалады. Ал бұл ретте Ақмола, Жамбыл, Ақтөбе облысында алғашқы медициналық көмек бағдарламаға сәйкес келеді.

Айта кетейік, дамыған елдерде бір отбасылық денсаулық сақтау мекемелерінде 5-6 дәрігер отырады. Ұлыбританияда осындай медициналық нысандар әрі кеткенде 15 минуттық жерде орналасқан. Бізге ондай деңгейге жету үшін дәрігер жүктемесін азайтып, тапшы мамандарды түгендеп алу қажет.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Еліміздің тұрғындары хирург, офтальмолог, невропатолог сияқты бейінді дәрігерлердің қызметін аса қажет етеді. Ал халық өлімінің негізгі себептері болып табылатын кардиология, эндокринология саласындағы мамандарды тарту қажет.

Үкімет жиынынан соң өткен баспасөз мәслихатында Елжан Біртанов тілшілердің ана өліміне қатысты сауалдарына да жауап берді. Жыл басынан бері елімізде 266 мың сәби дүние келген. Өкінішке орай, 40 ана өмірімен қоштасты. Оның бесеуі Астана қаласының тұрғындары болған. Министр босанған әйелдердің өмірін сақтап, өлім жағдайын азайтуға қатысты қазір бірқатар шара қолға алынып жатқанымен, мецининалық мекемелерде олқылықтардың бар екендігін де жасырмады.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Осы мәселе бойынша кейбір жағдайда кемшіліктер әкімшілік жағынан, жалпы медициналық көмекті ұйымдастыру жағынан олқылықтар болады. Осыған байланысты шаралар қабылданып, бас дәрігер жұмыстан босатылды. Аталмыш периниталдық орталықтың және басқа клиникаларға, халықаралық шетелдік орталықтарға оқытуға жіберіледі.

Салада алғашқы медициналық көмек көрсету мәселесі өткір болып тұр. Жоғарыда аталған жағдайға да осының салдары тисе керек. Ведомство басшысы алғашқы медициналық көмек көрсету жүйесінде тапшылық орта есеппен 50 пайыз, кейбір мамандықтар бойынша 90 пайызды құрап отырғанын айтады.

Авторы: Қарлығаш Қайыпбекова

Хабар 24 телеарнасы