352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да төрт күн бойы иен далада адасқан 5 жастағы бала табылды

  • 186
ШҚО-да төрт күн бойы иен далада адасқан 5 жастағы бала табылды altaynews.kz

Бала жоғалған күні түнде ауылдың батыс жағына қарай бес шақырым жерден велосипеді табылған.

29 тамыз күні кешке қарай Күршім ауданы Сарыөлең ауылында бес жастағы Қаршыға есімді бала жоғалды. Нағашы атасы мен апасының қолында болған кішкентай ұл із-түзсіз кеткенін естіген сарыөлеңдіктер бірден іздеуге кіріседі. Қуанышқа орай тоқтаусыз іздеу шараларының нәтижесінде төртінші күн дегенде кішкентай Қаршыға «Қомашарбақ» телімі аумағынан аман-сау табылды, деп хабарлайды  Altaynews.kz.

«Негізгі іздеу жұмыстары бала жоғалған күні түнде ауылдың батыс жағына қарай бес шақырым жерден велосипеді табылған бағытта жүргізілді. Сондай-ақ кішкентай ұл ауыл маңайындағы каналдарға түсіп кетті ме деген қауіппен су арналарын құтқарушылар жіті сүзгіден өткізді. АІІБ басшысы полиция подполковнигі Қайрат Бытебаевтың қатысуымен іздестіру тобы, №2535 әскери бөлімнен бір топ қызметкерлер де іздеу шараларының басы-қасында болып, жергілікті атқарушы орган өкілдері жұмысты ауыл тұрғындарымен ұйымдаса атқарды», - дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау майоры Бауыржан Оразғалиев.

Бірінші күннен-ақ іздеу жұмыстарына табандылықпен кіріскен бүлдіршіннің туысы, жергілікті мал дәрігері Серікбек Қожырақаев пен Тұрысбай Мұхадір есімді азамат бірнеше күн далада адасып, қарны әбден ашып,тоңып қалған баланы тауып алады.

2 қыркүйек күні күндізгі сағат 11.00 шамасында табылған бала бірден жергілікті дәрігерлердің қарамағына беріледі. Түстен кейін аудандық ауруханаға анасымен бірге жатқызылып, дәрігерлердің бақылауында болған Қаршыға екі күннен соң үйіне шығарылды.

«Ауруханаға түскен кезде баланың бойынан суық тию, жарақат сияқты ешқандай сырқат анықталмады. Мамандар тек тамақ ішуін қадағалап, денсаулығына бақылау жасады. Жағдайы қанағаттанарлық күйде үйіне шығарылады», - деді аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Ләйлім Шоқаева.

Хабар 24 телеарнасы