369.36 436.00 5.46

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еліміздің солтүстігінде ауа райы егін орағына кедергі келтіріп тұр

  • 179

Еліміздің Солтүстігінде егінге орақ түсті. Ризығын жерден табатын диқандар маңызды науқанды қысқа мерзімде, ысырапсыз аяқтауды жоспарлап отыр.

Сәйкесінше олар әр күнді тиімді пайдаланып қалуда. Өйткені ауа райы біраз қиндық келтіріп отыр. Шығымдылық қандай? Диқандар сұйық отынмен қамтамасыз етілді ме? 

Ел қамбасының үштен бірін астыққа толтыратын Солтүстік Қазақстан облысында егін орағы кеш басталды. Себебі ауа райы жиын-терім жұмыстарын жүргізуге қолбайлау болды. Яғни соңғы айда жауын-шашын мөлшері үш есеге артық түсті. Салдарынан бүгінгі күнге дейін 4,2 миллион гектар алқаптың тек 10 пайызы ғана құлатылды. Былтыр бұл кездегі көрсеткіш 40 пайыз еді. Маңызды науқанда жалпы саны 18 мыңнан астам техника жұмылдырылмақ. Ал астық түсімі әзірге 14 центнерден айнылуда.

Жомарт Омаров, шаруа:

- Биыл міне кешегі күні алған дәрі-дәрмектеріміздің субсидиясы түсіп жатыр. Алған техникалармыздың субсидиясын барлығын алдық. Ол жағынан ешқандай бөгет жоқ. Бар жағдай жасалған. Барлығы дайын. Тек енді ауа райын ғана күтіп отырмыз. Басқа ешқандай бөгет жоқ. 

Ал Ақмола облысында аталған жұмыстар аймақтың оңтүстік аудандарында қыза түсті. Мәселен, қазірдің өзінде Жарқайың және Есіл аудандарының диқандары егістік алқаптарының 9 пайызын орып үлгерді. Ал облыс бойынша бүгінде 140 мың тонна астық жиналыпты. Диқандарға үкіметтен жеңілдетілген бағамен 70 мың тоннадан астам сұйық отын бөлінді. Қазір ол шаруаларға жеткізіліп жатыр. Сәтін салса аймақ диқандары ел қамбасына  5 миллион тоннадан астам астық құюды жоспарлап отыр.

Димаш Таласбаев, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Ауа райы жақсы болып тұрса жақында күніне 160-170 мың гектар жерді оратын боламыз. Әзірге Аршалы, Қорғалжын, Зеренді, Сандықтау және Біржан сал аудандары жауын-шашынның салдарынан егін орағына толық кірісе алмай отыр. Егер күн бүгінгідей ашық болса, олар ертең немесе арғыкүні жаппай орақ салатын болады.

Жанармай қоры жеткілікті. Техника сақадай сай.  «Енді тек табиғат ана оң қабақ танытса болғаны дейді» мамандар. Ал синоптиктер қыркүйек айының жауын-шашынды болатынын болжап отыр. 

Самат Қайырденұлы, Дамир Берікұлы Төлеген Иманов, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы