369.36 436.00 5.46

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Семейде шағынаудан тұрғындары ауызсу мен жарықсыз отыр

  • 99

Семейдегі Ұшақтар шағынауданындағы әлеуметтік түйткілдердің түйіні тарқай бастаған сыңайлы.

Шаһар шетіндегі тұрғындардың ұзақ жылдар қордаланған мәселелерін шешу үшін жобалар жасалып, оны жүзеге асыру мақсатында қаржы бөлініпті. Қала әкімдігінің жауапты тұлғалары халықпен кездесуде жобалардың нақты қай кезде іске асырылатынын бүге-шүгесіне дейін айтып берді.

2007 жылға дейін алқаптың бәрі бос жатыр еді. Қазір кәдімгі елді мекенге айналды. Ауылдан қалаға көшкен ағайын мемлекеттен 10 сотық жер алып, үй салып алды. Мұнда шамамен 300 жер үй, 5 мыңға жуық тұрғын бар.

Бақтыбек Серәлиев, Ұшақтар шағынауданының тұрғыны:

- Жарық бірінші мәселе болуы керек. Әйтпесе суды тасып жатырмыз. Жарық қиындық туғызып отыр. Қараңғыда отыр бала-шағасымен, кішкентайлар сабаққа барды. Шынын айтқанда, кейбіреулер желіні жерден тартып алдық. Сол желінің үстімен қазір жас балалар мектепке өтіп жатыр. Қауіп деген сол. Заманымызға жараспайтын дүние. 10 жыл деген сұмдық қой, халықтың бір жағдайын шешу керек.

Жарықтан тарыққан халық заңсыз болса да көршілес көпқабатты үйлерден кабель тартып ілдалдалап күн көруде. Алайда мектепке ағылған балалар көшеде ашық-шашық жатқан тоққа түсіп қала ма деп алаңдайды тұрғындар. Мұнан өзге ауызсу, жол сияқты түйткілдер де баршылық. Мұның бәрі қалалық әкімдіктің жауапты басшылары қатысқан жиында тағы да сөз болды. Жергілікті атқарушы билік өкілдері мәселелер біртіндеп шешімін табатынын айтып отыр.

Амантай Өтелбаев, қалалық ТКШ бөлімінің басшысы:

- Жоба дайын. Сараптамадан өтті. 7 өзіміздің қалалық мәслихаттан қыркүйекте ақша бөлінеді, ары қарай өзінің уақыты бар. Конкурс жариялап, конкурстың қорытындысы бойынша бастайды. Келесі жылы толықтай бітіріп, халыққа жарық беру мәселесі шешіледі. Су мәселесін шешуге облыстық мәслихаттан биыл ақша бөлінді. Келесі жылы ауданға суды нақты толықтай береміз.

Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін қалалық және облыстық бюджеттерден 1 миллиард 800 миллион теңге қарастырылып отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы