356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҚО-да санитарлық авиация қызметі 200-дей сырқатқа медициналық жәрдем көрсеткен

  • 107

Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері санитарлық авиация қызметі аудан-ауылдардағы 200-дей сырқатқа жедел медициналық жәрдем көрсеткен.

Соның ішінде 46 мәрте әуе көлігімен шалғай елді мекенге ұшып барған. Ал биылдан бастап дәрігерлер шұғыл шақыртуларға медициналық құралдармен жабдықталған арнайы тікұшақпен жетуде.

Орынгүл Кенжеғалиева Казталов ауданына қарасты Қараөзен ауылының тұрғыны. Айы-күні жеткен ауыраяқты әйелді дәрігерлер 25  тамыз күні операция жасап, босандырып алады. Алайда отаның орны асқынып, ананың өміріне қатер төнеді. Қаладан барған  хирургтар сырқатты облыстық ауруханаға жедел жеткізіпті.

Орынгүл Кенжеғалиева, Қазталов ауданының тұрғыны:

- 11 күн болды баламды көрген жоқпын. Сол ауылдан босандырып алды. Мұнда әкелді, ауыр келдім. Қайтадан операция болды. Әйтеуір бәрі де артта қалды, бәрі де жақсы өтті, бәрі де сәтті өтті. Дәрігерлерге көп көп рақмет.

Дәрігерлер Орынгүлдің денсаулығы қазір тәуір екендігін айтады. Сырқат бүгін-ертең ауруханадан шығады. Өз үйіне оралып, әлі көрмеген сәбиін құшағына алғанша асық.

Тимур Мұхамедияров, акушер-гинеколог:

- Ауылдық жерлерде білікті мамандар тапшы. Қажетті медициналық жабдықтар да жетіспейді. Тіпті операция жасағанның өзінде, содан кейін айрықша күтім қажет. Сол себепті санитарлық авиацияның қызметі халыққа аса керек деп санаймын. Шақырту жиі түседі. Айына 8-9 рет шығып тұрамыз.

Жыл басынан бері санитарлық авиация қызметіне алыс ауылдардан 200-дей шақырту түсіпті. Оның 46-сына дәрігерлер әуе көлігімен ұшса, қалғанына реанимобильмен барған. Білікті мамандар сырқатқа жедел жету үшін кез келген уақытта атқа қонуға әзір.

Дәл қазір санитарлық авиация қызметінің білікті мамандардан құралған бригадасы шұғыл шақырту бойынша аттанып бара жатыр. Олардың бұл жолғы бағыты – облыс орталығынан 500 шақырым қашықтықта орналасқан Жәнібек ауданы. Ол жақтағы ауыр халдегі науқас кешкісін Орал қаласына жеткізілмек.

Алыс ауылдарға АН-2 ұшағы әуеге көтерілсе, радиусы 250 шақырым қашықтағы шақыртуларға еурокоптер қолданылады. Биыл берілген тікұшақтың бортында қажетті құралдар орнатылған.

Ғалымжан Мырзағалиев, жедел жәрдем стансасының санитарлық авиация бөлімінің меңгерушісі:

- Еурокоптер 145  қажетті медициналық модульмен жабдықталған. Бірақ жанармай қоры өлшеулі болғандықтан, онымен алыс аудандарға ұша алмаймыз. Жалпы, санитарлық авиация тек төтенше жағдайларда, сырқаттың өміріне қауіп төніп тұрғанда ғана шақыртылады. Өйткені тым қымбатқа түседі.

Тікұшақты қолданудың сағаты 900 мың теңге тұрса, ұшақтың құны одан екі есе арзандау. Әуе көлігіне қажетті қаржы денсаулық сақтау министрлігінен бөлінеді. «Бұл жерде санитарлық авиация қызметі мемлекеттің басты байлығы адам деген ұстанымға негізделген, – дейді мамандар.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы