352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыдағы құс өсіретін орталықта бірнеше бүркіт тордан босатылмақ

  • 112
Алматыдағы құс өсіретін орталықта бірнеше бүркіт тордан босатылмақ

Күз – құс атаулының қанаты қатайып, буыны бекіп, балапан ұшыратын мезгілі. Соған орай Алматыдағы құс өсіретін Сұңқар орталығы да жыл сайынғы дәстүрінен жаңылмай, жақын күндері бірнеше бүркітті тордан босатпақ.

Бірақ бала құстарды бірден бостандыққа жіберуге болмайды. Алдымен табиғатқа бейімдеу керек.

Бұл тәлімбақта бүркіт, үкі, тазқара мен қыран сынды жыртқыш құстар өсіріледі. Қазір олардың жалпы саны 500-ге жуық. Құстарға табиғаттағы қорегімен қатар құнарлы заттар беріледі. 

Алмас Садуақас, тілші:

– Бүркіт, ителгі мен сұңқылтай сияқты дала қырандарының 15 түрін өсіретін орталықта әр құсты балапан кезінен баптап өсіру үшін қомақты қаржы қажет. Әзірге бұл іс демеушілердің көмегімен іске асып жатыр. Ал қыранның қанаты қатайып, буыны бекігеннен кейін оны табиғатқа бейімдеу жұмысы жүреді. Жыл сайын орталықта 4 құс бостандыққа жіберіледі.

Бүркіттерді екі аптадан кейін табиғатқа жіберу белгіленіп отыр. Әзірге оларды осындай оңаша қорада аң аулауға дайындайды. Қолдан тағам жеп үйренген құстар өз бетінше аң аулауы тиіс. Орнитологтардың айтуынша, бір бүркіттің бір жылдық күтімі мен тамағына шамамен 500 мың теңге қажет. Егер бұл мәселе оңтайлы шешілсе, тордан босатылатын құстардың да саны көп болар еді.

Ашот Анзоров, сұңқарларды өсіру орталығының директоры:

– Орталықта өсірілген құстардың ішінде бүркіттерді жыл сайын бостандыққа ұшырамыз. Осы уақытқа дейін 21 бүркітті табиғатқа жібердік. Негізгі мақсатымыз – әрине олардың кең таралуына ықпал ету.

Жалпы бүркіттер таулы аймақтарда, биік ағашы бар жерлер мен жартастарға ұя салады. Олар еліміздің барлық аймағында бар, дегенмен Алатау мен Алтайда жиі кездеседі. Еліміздегі қыран құстардың жалпы саны туралы нақты мәлімет жоқ. Қалай болғанда да, орталық сұңқарлардың санын көбейтуді көздейді.

Авторлары: Алмас Садуақас, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы