359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбе облысында мұнай ұрлығына қатысты сот отырысы өтіп жатыр

  • 187

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Қазақстан мен Беларусь азаматтарына қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр.

Топ мүшелеріне «мұнайды заңсыз тасымалдады, сатты және жалған құжат қолданып, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты» деген айып тағылды. Биылдыққа Ақтөбе сотына мұнай ұрлығына қатысты 2 ірі іс түсті. Оның бірі «4 ағайынды» қылмыстық тобының мүшелеріне сот үкімі шыққан еді.

Ақсәуле Байменшина, тілші:

– Аса ірі көлемде мұнай ұрлаған қылмыстық топ 2016 жылдың желтоқсан айында ұсталды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, күдіктілерді тұтқындау үшін Ұлттық кауіпсіздік комитеті мен арнайы жасақ біріккен операция өткізген болатын. Бүгінгі сотта тараптар тыңдалып жатыр.

Қазақстан азаматтары Қожағалиев, Көшкінбаев, Өтениязов, Раев пен Беларусь азаматы Кунцевичке трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, батыс аймақтағы кен орындарынан шикі мұнай ұрлап, сатты деген айып тағылды. Сотталушылар 2016 жылдың сәуір-желтоқсан айларында 13 мың тоннадан артық шикі мұнайды құжатсыз тасымалдаған. Кен орындарынан ұрланған мұнайды Ақтөбедегі мұнай өңдеу зауытына жеткізіп, ары қарай теміржол арқылы Қырғызстанға жөнелтіп отырған. Мемлекетке келген шығын – 1 млрд 435 млн теңге.

Өкінішке орай өңірде мұнай ұрлығы тиылмай тұр. Кен орындарынан ұрланған мұнайды Орта Азия елдеріне заңсыз тасымалдайтындар жыл сайын ұсталады. Мысалы, өткен жылы 20-ға жуық қылмыстық іс қаралды. Еліміздің өзінде соңғы 3 жылда 700-ден астам іс қозғалып, 11 қылмыстық топтың ізі кесілген екен.

Хабар 24 телеарнасы