352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жылқының құйрық қылы сән индустриясында қолданылуы мүмкін

  • 612

Қазақ жылқысының қылы әлемдік сән индустриясы мен музыкалық аспаптар өндірісінде кәдеге асуы мүмкін.

Алыстағы Америкадан Алматы өңіріне келген кәсіпкер жылқы қылының сапасы өте мықты екенін айтады. Болашақта ол біздің елде кәсіпорын ашуды да жоспарлап отыр.

Ашок Жалани Американың Бостон қаласынан келген. Сән индустриясына қажетті бұйымдар шығарумен 20 жылдан бері айналысады. Жылқының қылынан скрипка, виолончельдің ысқысымен қатар әдемі кірпік пен парик, суретшілер мен визажистердің қылқаламын, тіпті тіс щеткасын жасайтынын айтады.

Ашок Жалани, кәсіпкер /АҚШ/:

- Қазақстанда шамамен 2 миллионға жуық жылқы бар екен. Менің болжамым бойынша, оның 10 пайызға жуығы ақбоз аттар. Бізді қызықтыратыны да осы жылқылар. 

Кәсіпкер шикізаттың әр келісін 50 мың теңгеге бағалап отыр. Бірақ қой қырыққаны болмаса, жылқының құйрық қылын сатып көрмеген жергілікті фермерлер шетелдік азаматтың бастамасына жатырқай қарап отырғаны бар.

Қайрат Исхан, жылқытанушы, профессор:

- Әр жылқыдан 200 грамм қылы кесіліп алынады. Құйрығынан. 1 метрдей болуы керек. Алған қылы осындай мөлшерде, 200 грамм. Жылқыны тұлдап алмайды. Құйымшақ омыртқасы біткен жерден 1 миллиметр төмен түсіреді. Содан кейін соның үстінен кеседі. Сонда 1 метр болады. Жуып өткізсе құны тіпті артады.  

Ашок Жалани бұған дейін Моңғолия мен Қытайда қабылдау орындарын ашқан. «Бірақ олардың сапасы төмен», – дейді ол. 

Ашок Жалани, кәсіпкер /АҚШ/:

- Алғашқы уақытта айына 100 келіден алсам деген ойым бар. Жақын күндері Ақтөбе, Ақмола, Қостанай облыстарын аралап, сондағы фермерлермен кездесуді жоспарлап отырмын. Шикізат жинау мәселесі жолға қойылса, өңдейтін кәсіпорын ашуға да болар еді.

Аграрлық университеттің ғалымдары бұл жаңғыртылатын табыс көзі дейді. Өйткені жылқының құйрық қылы 1,5-2 жылда қайта қалпына келеді.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы