363.61 436.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мәулен Әшімбаев бес әлеуметтік бастама аясында Атырау облысына барды

  • 92

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Атырау облысына сапарлап барды.

Мәулен Әшімбаев аймақтағы бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сонымен қатар Президенттің бес әлеуметтік бастамасы және жаңа партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысып, бірқатар әлеуметтік нысанды аралады. Соның бірі – музыка колледжіне арнап салынған 100 орындық жатақхана. Партия төрағасының бірінші орынбасары студент-жастарды қоныс тойымен құттықтады.

Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру бағытында салынған жатақхана студенттер үшін зор қуаныш болды. Жаңа жатақхананың ашылу салтанатына қатысқан саяси ұйым өкілдері студенттерге өз құттықтауларын жеткізді. Жалпы жаңа оқу жылында жуырда ғана жергілікті университет те 700 орындық жатақханамен қамтылған болатын. Жыл соңына дейін 200 орындық 2 жатақхана қолданысқа беріледі. Тағы 8 жатақхана құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Жалпы мұнайлы өңірде Президент тапсырмалары жоспарға сай орындалып жатыр.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

– Негізгі біздің мақсатымыз – жұмыстың нәтижелілігін, нақтылығын күшейту. Екінші – Елбасының стратегиялық бастамаларының жүзеге асырылуына өзіміздің үлесімізді қосу, сонымен қатар қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету. Осы қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету тұрғысынан біз «Бес әлеуметтік бастаманың» да жүзеге асырылуына бақылау жүргізіп отырмыз. Атырау облысында бұл бастамалардың барлығы жақсы, нәтижелі жүріп жатқанын біздің бақылауымыз, сараптауымыз көрсетіп отыр.

Мәулен Әшімбаев баса назар аударған мәселелердің бірі – бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыру. Қазір партия құрамында 1 млн-нан астам мүшелерді құрайтын 6 мыңға жуық бастауыш партия ұйымдары жұмыс істейді. Мәселен, саяси ұйым өкілдері арнайы барған Атырау мұнай өңдеу зауытында 1200 мүшесі бар. Мұндағы жас мамандардың барлығы – бастауыш партия ұйымының белсенді мүшесі.

Ғалым Сағидолла, ароматикалық көмірсутектер өндіру кешенінің операторы:

– Басшылық тарапынан көптеген оқу іс-тәжірибелерге және іс-шараларға қолдау тауып отырамыз. Осының барлығы «Нұр Отан» партиясының жастар саясатының қолдауының арқасы деп білемін. Өзім «Нұр Отан» партиясының мүшесімін, біздің зауытымыз тек қана технологиялық жағынан ғана емес, социалды жағынан да өте қарқынды дамып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының қолдауымен, «Нұр Отан» партиясының қолдауымен алдағы уақытта зауытымыздағы талай игі істердің куәсі болатыныма жас маман ретінде сенім білдіремін.

Мәулен Әшімбаев Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында оқу курстарына өткен жандармен кездесті. Бұл жобаға облыстан 2 млрд, ал республикалық бюджеттен 589 млн теңге бөлінген. Қазірдің өзінде 750 адам оқу курстарын аяқтап, іскерлікпен айналысуға ниеттеніп жатыр. Саяси ұйым өкілдері, сондай-ақ облыстағы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде салынған серпінді жобалардың жұмысымен де танысты. 

Авторлары: Бекен Әлирахым, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.

Хабар 24 телеарнасы