359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырауда пәтер иелері кооперативтері электронды жүйеге көшеді

  • 91

Атырауда «е-ПИК» жобасы енгізіледі. Ендігі жерде пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын тұрғындар электронды портал арқылы тікелей қадағалай алатын болады.

Бұл жаңа жоба «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Электронды жүйе арқылы ПИК-тер мен қала тұрғындары арасындағы дау-дамайлар түпкілікті жойылып, екі тарап арасындағы байланыс нығаяды деген сенім бар. Халық арыз-шағымдары мен ұсыныстарын электронды түрде жолдауға мүмкіндік алады. Қазіргі таңда Атырау қаласында 1 мыңға жуық көп қабатты тұрғын үй бар. Олар жалпы жиынтығы 71 пәтер иелері кооперативіне біріктірілген. Қазір осы ұйымдардың барлығы электронды жүйеге көшірілді. Енді қыркүйек-қазан айларында халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, порталдың мобильдік қосымшасы іске қосылады.

Шолпан Тоқсейітова, ПИК төрайымы:

- Біздің жұмысымызда мысалы, кей кезде суды тоқтатады қалада, соған хабарлама беруіміз керек, басқа да жағдайлар болады, жиналыс жасауымыз керек немесе бір үйдің құбырларына ремонт жасауымыз керек, күрделі жөндеу сол ақпараттың барлығын біз осы портал арқылы тұрғындарға бере аламыз. Қазір екінің бірінің қолында телефон бар, интернетке сол арқылы кіре алады.

Мейірім Қалауи, қала әкімінің орынбасары:

- Бұл жүйе арқылы тұрғындары сол ПИК жиналған қаржының көлемін, ол қаржының қайда жұмсалғанын және әр ПИК жұмыс жоспарын, ол жерде болып жатқан барлық жаңалықтарды ашық түрде көретін болады. Бұл тұрғындардың жинаған қаражатының мақсатты пайдаланылуын, ПИК жұмысының ашықтығын қамтамасыз етеді деген ойдамыз.

Хабар 24 телеарнасы