352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Мерейлi отбасы» республикалық конкурсының жеңімпаздары анықталды

  • 756

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы мәресіне жетті.

Осымен бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылған сайысқа еліміздің әр өңірінен 3 мыңға жуық отбасы қатысып, бақ сынады. Араларынан оза шапқаны – Ниязқұловтар әулеті. Отасқандарына 62 жыл болған ерлі-зайыптылар 12 баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген. Осы күні 33 немере, 20 шөбере тәрбиелеп отыр.

«Қазақстан» концерт залы бүгін адамдарға лық толды. Қарақұрым жұрт көптен күткен сәтке куә болуға асығып, дәстүрлі байқауда бақ сынап жатқан жандарға қолдау көрсетіп жатты. Арасында жасы да, жасамысы да бар. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын өткізуге мұрындық болғандар биылғы сайысқа қатысуға ниет білдіргендер саны анағұрлым артқанын айтады.

Ләззат Сүлейменова, ҚР Президенті жанындағы ұлттық комиссия төрайымының орынбасары:

- Бұл конкурста отбасылық дәстүрлер, ата-анасының үлгісі отбасының өмірлік философиясы, өзінің тарихын білуі, сонымен қатар балаларының жетістігі, халыққа көрсетіп жүрген үлгісі сынды критерийлермен таңдалып алынады.

Биылғы сайысқа 3 мыңға жуық отбасы қатысқан. Олардың 16-сы ғана ақтық сынға жолдама алып, жарыстың бас жүлдесін қанжығалауға тырысты. Үміткерлерге халық ғаламтор арқылы дауыс беріп, үздігін таңдады. Сайыс қорытындысы бойынша Ниязқұловтар әулеті өзгелерден озық шықты.

Сыннан сүрінбей өткен Ниязқұловтар отбасына Қазақстанда құрастырылған шағын автобустың кілті табысталды. Жамбыл облысында тұратын олар осы күні жеке шаруашылықпен айналысады. Үйдің отағасы зейнетке шыққанша ұстаздық қызмет қылып, шәкірт тәрбиелеген. Ал қазір ұл-қыздарынан тараған немере, шөберелерін бағып отыр.

Үмен Ниязқұлов, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпазы:

- Отбасын құрсаңдар, ынтымақты болыңдар. «Отан отбасынан басталады» дейді. Отбасында ынтымақ болса, бірлік болса, отбасы да ұзақ өмір сүреді. Ұрпақтары да ұзақ өмір сүреді.  

Жарыс жеңімпаздарынан бөлек, биылғы сайыста тағы екі отбасы Президенттің арнайы сыйлығына ие болды. Бұл – осы жылғы байқаудың ең негізгі ерекшелігі. Ақтық мәреге дейін жеткен өзге әулеттер де сый-құрметтен кенде қалмады. Оларға тұрмыстық техника сатып алу үшін 300 мың теңгелік сертификаттар берілді. Мерекелік шарада мемлекет басшысының құттықтау хаты оқылды.    

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

- Жыл сайынғы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздары отансүйгіштік, еңбекқорлық, мейірімділік пен қайырымдылық сияқты құндылықтар мен өмірлік бағдарларды бойына сіңірген отбасылардың өкілдері. Бұл үрдіс жас ұрпақтың патриоттық сезімін қалыптастырып, олардың білімге ұмтылысын арттырумен қатар еңбек адамын тәрбиелеу үшін аса маңызды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәні де осында.    

Ауқымы жыл сайын кеңейіп жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы Қазақстандағы үздік әулеттерді анықтап, оларды көпшілікке дәріптейді. Бұл отбасы құндылығын арттыруға сеп болмақ. Сондықтан игі шара келер жылы да жалғасын табады.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының толық нұсқасын осы жексенбіде сағат 22:00-де «Хабар» арнасынан көре аласыздар.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы